Accessibility links

Қордайдағы жанжалда бүлінген үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталады


Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде өртенген үйлер. Масанчи ауылы, 8 ақпан 2020 жыл.
Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде өртенген үйлер. Масанчи ауылы, 8 ақпан 2020 жыл.

Жамбыл облысы әкімдігі Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде бүлінген үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталады деп хабарлады. Нысандардың барлығы демеушілер есебінен қалпына келтіріледі.

"Масанчи, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарында жалпы саны 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан, бес шаруашылық ғимарат өртенген. Барлық жұмыстар "Шивон" қайырымдылық қорының есебінен жүргізіледі" деді әкімдік өкілдері.

Әкімдік дерегінше, үйі өртенген 39 отбасының үйін қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен шамамен 20,6 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған қоса, мемлекеттік материалдық қоры құрылысшыларды бірқатар құрылыс материалдармен қамтамасыз етеді.

Тоғыз отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты 8,2 млн теңге көлемінде көмек берілген. Ал көліктері бүлінген немесе өртенген адамдарға қанша өтемақы төленетіні тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болмақ.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 11 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен.

Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді. Үкімет қақтығыста қираған үйлер мен сауда орындарын қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеген.

Билік жанжал қарияның соққыға жығылуымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Кикілжіңнен соң қазақтар (көбі – Қаракемер ауылының тұрғыны) жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары (11 ақпан 2020 жыл).

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00

Қазақстан билігі жанжалға байланысты 120-дан астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Наурыз айының басында бас прокуратура бұзақылық, адамды ұрып-соғу және полицияға бағынбау ісі бойынша бес адам ұсталғанын хабарлаған.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG