27 наурызда түс кезінде Қызылорда қаласы Шымбай мөлтек ауданы "Ажар" сауда орталығының қоймасына жүзден астам адам жиналып, азық-түлік үлестіруді талап етті. Жергілікті әкімдіктің түсіндіруінше, олар негізінен көп балалы отбасыларға берілетін азық-түлікті алуға келгендер.
Азаттық тілшісімен сөйлескен тұрғындардың бірі таңертең қойма алдында адам аз болғанын, кейіннен "азық-түлік таратып жатқаны туралы хабар" Whatsapp-та тараған соң күрт көбейгенін айтты.
Жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 12.00-де сауда орталығында орналасқан қойманың екі жағындағы есік алдында ұзын-сонар кезек пайда болды.
Әкімдік өкілдері "азық-түлік жеткілікті, коронавирус тарап жатқан шақта жиналуға болмайды" деп жиналғандарды таратуға тырысты.
Қойма қызметкерлері кезекте тұрғандарға қарақұмық, жарма, сұйық май, печенье т.б азық-түлік бар қораптарды үлестірді.
2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда көп балалы және тұрмысы нашар отбасыларға жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жаңа тәртіппен беріле бастаған еді.
Жаңа ережеге сай, билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Бұған қоса, бастап бала санына қарай азық-түлік пакетін үлестіреді.
Бір күн бұрын Қызылодада ондаған тұрғын «Нұр Отан» партиясының «Біз біргеміз» акциясына енбей қалғанына наразылық танытқан. Акция кезінде тұрмысы нашар отбасыларға, жалғызбасты мүгедектер мен өзге де көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем берілген. Билік партиясы акцияны коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдайдан соң бастаған.
Қарай отырыңыз: Тұрғындар "Нұр Отан" акциясына ілінбей қалғанына наразы (6 наурыз 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР