Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус табылған үш адамның екеуі шетелден келгенін, біреуі Нұр-Сұлтанда болғанын хабарлады. Бұл туралы "Ақжайық" сайты жазды.
- Бірінші науқас 21 наурызда Нұр-Сұлтан - Атырау рейсімен қалаға ұшып келген. 26 наурызда одан жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері байқалып, коронавирусқа тексерілген. Диагнозы расталды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Байтолла Ғазизов жұма күнгі брифингте.
Оның айтуынша, екінші науқас 17 наурызда Стамбулдан Алматы арқылы ұшып келген. Нұр-Сұлтанда вирус табылған адамдармен байланыста болғандықтан тексеруден өткен.
Үшінші науқас 26 наурызда Амстердам - Атырау рейсімен ұшып келген. Ұшақта болған жолаушылар карантинге жіберіліп, анализ алынған.
"Қазір олардың жағдайы бірқалыпты, карантинде жатыр. Дәрігерлер бақылауында. Олармен байланысқан адамдарды оқшаулау жұмысы жалғасып жатыр" деді Ғазизов.
27 наурызда түстен кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Атырау облысынан алғашқы үш адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған еді.
Елде қазір 125 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 48 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында - үш адам, Павлодар облысында бір адам.
26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.
ПІКІРЛЕР