Accessibility links

Бас прокуратура: Қордайдағы жанжалға "қатысқан" 25 адам ұсталды


Жанжал болған Масанчи ауылында жүрген полиция қызметкерлері. Қордай ауданы, Жамбыл облысы. 8 ақпан 2020 жыл.
Жанжал болған Масанчи ауылында жүрген полиция қызметкерлері. Қордай ауданы, Жамбыл облысы. 8 ақпан 2020 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасы 27 наурызда Жамбыл облысы, Алматы және Шымкентте арнайы операция ұйымдастырып, Қордайдағы этникалық жанжалға қатысқан 25 адамды ұстағанын хабарлады.

“Олардың арасында қазақтар, дүнгендер және қырғыздар бар. Жеті адам бұрын сотталған. Жақында тергеу аяқталып, сотқа жолданады” деді бас прокурордың орынбасары Ерлік Кенебаев брифингте.

Прокуратура өкілі 25 адамның қандай айыппен ұсталғанын ашып айтпады. Бас прокуратура бұған дейін, 11 наурызда Қордайдағы жанжалға байланысты жеті адамның ұсталғанын хабарлаған.

Кененбаевтың сөзінше, ұлтаралық жанжалдан 192 адам зардап шеккен, олардың 19-ы полицей. 168 үй мен 122 көлікке зақым келген. Прокуратура өкілі "аймақта қазір жағдай тұрақты" деді.

Кененбаев айтқан ресми дерекке сай, ұлтаралық қақтығысқа Сортөбе ауылындағы "екі ұлт өкілдерінің арасындағы тұрмыстық жанжал себеп болған". Прокуратураның мәліметінше, бұл ауылдағы жолда екі оқиға болған, бірінші қарт адам зардап шеккен, екіншісінде тұрғындардың бірі полицияға бағынбаған.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 11 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен.

Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 120-дан астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. ("Адам өлтіру" бабы бойынша 11 іс). Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Оқи отырыңыз: Қазақтар мен дүнгендердің жанжалдан кейінгі өмірі

1 наурызда Қордай ауданына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз контрабандамен айналысқан екі қылмыстық топтың арасындағы текетірестен жанжал шыққанын, соның кесірінен 11 адам қаза болғанын айтып, жергілікті билікке пара алу мен шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG