Accessibility links

Нұр-Сұлтанда - алты, Ақмола облысында екі адамнан вирус табылды


Нұр-Сұлтанда базар маңын залалсыздандырып жүргендер. 20 наурыз 2020 жыл.
Нұр-Сұлтанда базар маңын залалсыздандырып жүргендер. 20 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 27 наурыз 22.20-дағы дерегіне сай, Нұр-Сұлтанда тағы алты адамнан, Ақмола облысында екі адамнан вирус табылды. Нұр-Сұлтанда 75 адам дертке шалдықты.

Сонымен, 27 наурызда Қазақстанда 32 адамнан вирус табылды. Қазір елде 145 адамға вирус жұққаны анықталды: Нұр-Сұлтанда - 75 адам, Алматы қаласында - 50 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Ақмола облысында екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында - үш адам, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында бір адам.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. Оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған. Елде барлығы төрт науқас: Алматыда - үш, Нұр-Сұлтанда бір адам дерттен айықты. Олардың бірі - 12 жасар қыз бала.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

Ал 28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада - Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте шектеулер күшейеді:

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғанар жарты миллионнан асып кетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG