Accessibility links

Ақтөбеде белсендінің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Ақтөбеде белсенді Аманбике Хайрулланың өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша «Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабымен (Қылмыстық кодекстің 105-бабы) қылмыстық іс қозғалған. Сенбіден бері марқұмның туыстары мен таныстары полицияның сауалдарына жауап бере бастаған.

Аманбике Хайрулла өлер алдында Facebook парақшасында қалдырған жазбада есімі аталған жергілікті белсенділерді де (төрт әйел) полиция шақыртқан. Солардың бірі Азаттыққа «Полицияға тергеу барысындағы мәліметтерді жарияламаймын қолхат бердім. Сондықтан ештеңе айта алмаймын» деді.

Полицияның хабарлауынша, белсенді Аманбике Хайрулланың мәйіті Ақтөбенің 312-атқыштар дивизиясы көшесіндегі «Волга» гараж кооперативінің территориясынан табылған. Бұл Ақтөбенің шеткері аудандарының бірі. Бірнеше сараптама тағайындалғанын айтқан полиция өкілдері "мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоқ, алдын ала дерек бойынша, суицид жасап, қайтыс болған" дейді.

Жергілікті белсенді Бақытжан Құрманов полицияның Аманбике Хайрулланы ағашқа асылып тұрған жерінен тапқанын айтады. Белсендінің сөзінше, Аманбике қайтыс болардан бір ай бұрын телефонына оны қорқытып-үркіткен хабарламалар келе бастаған. Аманбике Хайрулла полицияға шағым түсірген.

Марқұм Аманбике Хайрулла 33 жаста болған. Үш баласы бар жесір әйел. Ол Ақтөбеде өткен Қытай зауыттарына қарсы наразылыққа, саяси тұтқындарды босату талабы айтылған наразылық акцияларына, билікке қарсы бейбіт митингілерге қатысқан. Оның күйеуі осыдан үш жыл бұрын жол апатынан көз жұмған.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG