Өзбекстан 30 наурыздан бастап барлық әуежай жұмысын тоқтатады. Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы республикалық комиссия осындай шешім қабылдады деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі.
"30 наурыз сағат 00.01-ден бастап 20 сәуір сағат 00.01-ге дейін Өзбекстандағы барлық әуежайлардың жұмысы тоқтайды, әуе қатынасы толық үзіледі" делінген ресми хабарламада.
Сенбі күні Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы шамамен жүз өзбек азаматының Мәскеудегі "Внуково" әуежайында Өзбекстанға апаратын чартер рейсті бір аптадан бері күтіп жатқанын хабарлаған. Стамбул әуежайында да чартер рейсті күтіп отырған өзбек азаматтары бар.
Өзбекстан ақпарат құралдарының хабарлауынша, билік шетелде қалып қалған өзбек азаматтарын елге қайтаруға күш салып жатыр.
29 наурыз түнгі дерек бойынша, коронавирус жұқтырғандар Өзбекстанда 144 адам болды. Ем үстіндегі 19 науқаста пневмония белгілері байқалған. Төрт науқастың жағдайы ауыр. Екі науқастың жағдайы салыстырмалы түрде ауыр. 27-28 наурызда екі адам қайтыс болған.
Жексенбі, 29 наурызда Өзбекстан билігі "жеті науқас айықты, бірақ карантинде қала береді" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР