Accessibility links

Қаскелеңде карантинде жатқан тұрғын ауруханадағы жағдайға шағымданды


Алматы облысының тұрғыны Заңғар Тұрлықбай. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
Алматы облысының тұрғыны Заңғар Тұрлықбай. Жеке мұрағаттан алынған сурет.

Алматы облысы Каскелең қаласындағы инфекциялық ауруханада карантинде жатқан Заңғар Тұрлықбай ауруханадағы жағдайға көңілі толмайтынын айтты. Сөзінше, палатасында әжетхананың қақпағы жоқ, ыстық су мен азық-түлік сақтайтын тоңазытқыш жоқтың қасы. Ал палатаның іші суық болғандықтан тіпті салқын тиіп қалған көрінеді.

- Наурыздың 27-сінде жатқызды. Ертесінде анализдердің нәтижесі белгілі болды. Менде вирус жоқ. Ал әйелімде вирус бары анықталды. Оны басқа палатаға алып кетті. Өзім басқа палатада жатырмын. Осы күнге дейін ауруханадағы жағдай туралы сөз қозғаған жоқпыз. «Емделіп кетсек болды» деп жаттық. Бірақ бүгін түнде менің әйелімнің палатасына тағы бір адамды жатқызғанын естіп, наразы болдым, - дейді Заңғар Тұрлықбай Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, әйелі – Тоғжанның аяғы ауыр - 21 апта болған. Қазір әйелі мен болашақ баласының денсаулығына алаңдайтынын жеткізді.

- Мүмкін, ол коронавирустан жазылып кеткен шығар, тіпті әлі ауырмаған да болар. Егер олай болса жанына жатқызған адамнан жұғуы мүмкін ғой. Дәрігерлерге айтсам еш жауап бермейді. Сонымен амалсыз мұндағы жағдайды видеоға түсіріп, парақшама жарияладым. Енді сол видеоны өшіріп тастамасам, жауапқа тартыласың деп жатыр, ал оны түсірмесем сөзімді қалай дәлелдеймін? - дейді жігіт.

Азаттық жағдайға байланысты Қаскелеңнің инфекциялық ауруханасына хабарласқанымен, қабылдау бөлімінде отырған хатшы қыз журналистердің хабарласып тұрғанын естіген соң телефон тұтқасын тастай салды.

Сәл кейінірек Заңғар Тұрлықбай Азаттық тілшісіне хабарласып, әйелінің жанындағы адамды өзге палатаға ауыстырғанын, әйеліне маска әкеп бергенін хабарлады.

- Медбике мен санитарлар өз қызметін орындайды, уақытында тамағымызды беріп, күніне үш рет тазалап, жуып-сүртіп жүреді. Дегенмен төсек-орындар, көрпе-жастығы ескірген, дақ-дақ. Біз тек бақылауда ғана жатырмыз. Қан қысым тексеріп, температурамызды өлшеп, қандағы сатурацияны бақылаумен ғана шектеліп жатыр. 14 күннен кейін анализдер дұрыс болса шығармыз. Әйелімнің жағдайын әзірге білмеймін. Ол тағы анализ тапсыруы керек, - дейді Заңғар Тұрлықбай.

Жас отбасы 2019 жылдың қарашасында АҚШ-қа ұшып кеткен. Туристік визамен сол елде біраз уақыт тұрып, коронавирусқа қатысты жағдай ушыға бастаған кезде наурыздың 23-інде Майамиден Нью-Йоркке, ертесі Мәскеуге, 25-і күні таңертең Алматыға келген. Әуежайдан бірден тексеруге алып кеткен.

Қазақстанда соңғы дерек бойынша, 294 адамнан вирус табылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG