Accessibility links

Украина парламенті жер сату туралы заң қабылдады


Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы рада отырысында. Киев, 30 наурыз 2020 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы рада отырысында. Киев, 30 наурыз 2020 жыл.

31 наурызға қараған түні Украина Жоғарғы радасы жер сату туралы заңды қабылдады.

Коронавирусқа қарамастан шақырылған парламенттік сессия отырысы шамамен 12 сағатқа созылып, жарым түнде аяқталды. Отырыстың соңы дауға ұласты. Заң жобасына қарсы шыққан "Оппозиционная платформа – За жизнь" фракциясы парламент жұмысын тоқтатуға тырысты. Президент Владимир Зеленский депутаттарды заңды қолдап дауыс беруге үгіттеу үшін Радаға екі рет келіп кетті. Бұған дейін депутаттар құжатқа төрт мыңнан астам өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған.

Ақыры жер сату туралы заңға 259 депутат қолдап дауыс беріп, қабылданды. Президенттік "Слуга народа" фракциясының басым бөлігі құжатты қолдаған. Оған сонымен бірге бұрынғы президент Петр Порошенконың "Европейская солидарность" және Святослав Вакарчуктің "Голос" фракциясы қолдап дауыс берген. Юлия Тимошенконың "Батькивщина" және "Оппозиционная платформа – За жизнь" фракциясы ғана қарсы шыққан.

Қабылданған жаңа заңға сәйкес, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жер сатылымға шығарылады. 2024 жылға дейін жерді тек жеке тұлғалар сатып алады, бір адамға 100 гектардан артық жер берілмейді. Кейінірек заңды тұлғалар 10 мың гектарға дейін жер сатып ала алады.

Бірақ соған қарамастан құжат мемлекет меншігіндегі жерді жекешелендіруге тыйым салады. Шетелдіктерге жер сату мәселесі жалпыхалықтық референдумнан кейін белгілі болады. Жерді офшорлық компаниялар, бенефициары Ресей азаматы болатын заңды тұлғалар сатып ала алмайды.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский парламенттік фракция жетекшілерімен жеке кездесіп, заңды қолдауға үгіттіген. Келіссөзден кейін құжатқа қарсы болып келген "Европейская солидарность" фракциясы қолдаған.

Халықаралық валюта қоры және бірнеше еуропалық несие беру ұйымдары ауыл шаруашылық мақсатындағы жерді нарыққа шығаруды қолдап, бұл реформа жолындағы маңызды қадам деп атап өтті. Жер сату туралы заң қабылданған жағдайда Украинаның 10 млрд доллар көлемінде несие алуға мүмкіндігі пайда болады деп айтылады. Зеленский мұны растағанмен "жеті миллион украиналықты басыбайлы құқықтан айыру үшін" заңды қолдағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG