Accessibility links

Жабылып қалған Шымкенттен жұрттың кіріп-шығуына рұқсат етілді


Шымкент қаласының шығаберісінде тұрған полиция. 1 сәуір 2020 жыл.
Шымкент қаласының шығаберісінде тұрған полиция. 1 сәуір 2020 жыл.

Шымкентке 31 наурыз кешкі сағат 21.00-ден бастап кіріп-шығу шектелгенімен 1 сәуір күні түстен кейін қала шетіне қойылған кейбір блокбекеттерден Түркістан облысы аумағында қалған қала тұрғындары кіргізіліп, қалада қалған облыс тұрғындары шығарылды. Бұл туралы бірнеше бекетке барған Азаттық тілшісі хабарлады.

Шымкент жабылып қалып, қалада қалып қойған Түркістан облысының тұрғындары және қалаға кіре алмай қалған шымкенттіктер 1 сәуір таңертең блокбекеттерге жиналып, кіріп-шығуға рұқсат беруді талап еткен. Олар түске дейін бекеттен өте алмай тұрды. Жергілікті билік түстен кейін ғана кейбір бекеттерден тұрғындардың өтуіне рұқсат етті. Азаттық тілшісі Сайрам ауданы мен Қазығұрт ауданы маңындағы блокбекеттен тұрғындардың өтіп жатқанына куә болды.

Сайрам ауданындағы блокбекетте дәрігерлер көлік жүргізушілері мен тұрғындардың дене қызуын арнайы құрылғымен тексеріп, полиция қызметкерлері жолаушылардың қайда тіркеуде тұрғанын жазып алды. Әскерилер жүк көліктерін тексеріп жатыр.

«Түркістан облысының аумағында қалып қойған Шымкент қаласының тұрғындарын бекеттен өткізіп жатырмыз. Қалада жұмыс істейтінін растайтын анықтамасы бар адамдарға да рұқсат берілді. Ал қалада қалып қойған Түркістан облысының тұрғындары Сайрам ауданына өтіп жатыр» деді полицейдің бірі.

Шымкент қаласының кіреберісінде медициналық маман жұрттың дене қызуын өлшеп жатыр. 1 сәуір 2020 жыл.
Шымкент қаласының кіреберісінде медициналық маман жұрттың дене қызуын өлшеп жатыр. 1 сәуір 2020 жыл.

Шымкенттен Қазығұрт ауданына шығатын аумақта тұрған бекетте де Түркістан облысының тұрғындарын қаладан шығуға, облыста қалып қойған қала тұрғындары кіруге рұқсат берілді. Полицейлер мен әскерилер қоршалған аумақтан тұрғындардың бір-бірінен он метр қашықта тұруын талап етті. Бекеттің арғы және бергі жағында тұрған адамдарға екі жақта тұрып біріне-біріне азық-түлік беруіне рұқсат етілді.

Шымкентте үш адамнан короновирус табылған. 28 наурыздан бастап қалада жұрттың сыртқа шығуына шектеу қойылған. Жұрт тек жұмысқа, азық-түлік, дәрі алуға ғана шыға алады. Тұрғындардың барлығына сыртта маскамен жүру міндеттелген. Әуежай, теміржол вокзалы, автовокзалдар мен бірнеше базар жабылған. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысы уақытша тоқтатылған. 31 наурыз кештен бастап қалаға кіріп-шығуға тыйым салынған.

Түркістан облысында бес адам коронавирус жұқтырған. Бес адам да Жетісай ауданынан. Қазір Жетісай қаласы мен аудандағы Әбдіхалық ауылы карантинде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG