Accessibility links

Алматыда екі науқас жасанды аппаратпен демалып жатыр


Алматыдағы коронавирусты анықтайтын лабораториялардың бірі.

Алматыда коронавирус жұққан екі науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл туралы 2 сәуірде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

"Аппаратқа қосылған бір науқаста обструктивті өкпе ауруы мен антибиотиктерге аллергиялық реакциясы бары анықталды. Екінші науқаста пневмония бар. Сол себепті жағдайлары ауыр" деді Әбілдаев.

Оның айтуынша, Алматыда коронавирус жұққан 80 науқастың 68-інің жағдайы - қанағаттанарлық, он адамның жағдайы - орташа ауыр. Бір адам жазылып шықты.

Қалада науқастармен байланыста болған 619 адам (81 бала) провизорлық стационарда жатыр. Үй карантинінде 3853 адам бар.

Алматыда жалпы 90 адамнан коронавирус табылған. 11 адам жазылған. Олардың арасында 2 жасар бала да бар.

Алматы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (191) кейін екінші орында тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды. 28 наурызда адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу сияқты өте қажетті жағдайда ғана көшеге шыға алады. Қалада азық-түлік дүкендері, дәріханалардан басқа нысандар жабық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG