Accessibility links

Ақтөбедегі науқастың 72 жастағы шешесіне вирус жұқты


2 сәуірде Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған 72 жастағы әйел адам – осыдан екі күн бұрын Covid-19 дертіне шалдыққан ер адамның шешесі. Бұл туралы Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев хабарлады.

Әсет Қалиевтің сөзінше, баласынан коронавирус табылғаннан кейін зейнеткер 31 наурызда Ақтөбедегі провизорлық госпитальге жеткізілген.

Зейнеткер әйелдің коронавирус жұқтырған ұлы 20 наурыз күні Алматы арқылы Египеттен ұшып келген. Өз үйінде карантинде болған тұрғын 9 күннен соң дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған.

Короновирус жұқтырған шешесі мен баласы тұрған подъезд қазір оқшауланған. Бұл туралы Азаттыққа сол үйдің тұрғыны, вирус жұқтырған тұрғындардың көршісі 80 жастан асқан Анна Душинкина айтты.

Египетке барып, коронавирус жұқтырып алған көршісі туралы Анна Душинкина «Қырықтың үстіндегі жігіт. Египетке жолдаманы жұмыс орнынан тегін берген. Египетте алты күн демалып, Алматыға жеткеннен кейін отбасына хабарласып, Ақтөбеге келе сала 14 күн карантинде болатынын айтқан. Әйелі мен қызынан осы аралықта туыстарына бара тұруын өтінген. Ал анасы аса мән бермесе керек. Баласының ескертуіне қарамастан ол өз үйінде қалған» деді.

Тұрғынның айтуынша, бүгін арнайы киім киген мамандар карантиндегі подьезді екінші мәрте дезинфекциялап кеткен.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев Египеттен оралған ақтөбеліктің жағдайы кешелі бері ауырлап кеткенін айтады. «Оның жағдайы орташа ауыр. Ақтөбеде вирус табылған қалған төрт науқастың жғдайы тұрақты» дейді Әсет Қалиев.

Қазір Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар саны бес адам болды. Зейнеткер әйел мен ұлынан басқа үш адам Испания, Түркия, және Ресейден келген.

Бейсенбі 19.00-дегі дерек бойынша, Қазақстанда 423 адамнан вирус табылды. 27 адам дерттен айықты. Үш адам қайтыс болды.

2 сәуірдегі Қазақстандағы жағдайларды қысқаша шолып шығыңыз:

  • Қазақстан үкіметі коронавируспен күреске тағы 125 миллиард теңге бөлді. Бұған дейін 23 миллиард теңге бөлінген. Жалпы сома – 148 миллиард теңге. Бұл қаржыдан 40,6 миллиард теңге коронавируспен күресіп жатқан медициналық қызметкерлерге берілмек. Бұл туралы қаржы министрлігі хабарлады.
  • 31 наурыздан бастап Қазақстанда жолаушы таситын пойыздар жұмысы толық тоқтады.
  • 3 сәуірден бастап Петропавл қаласы карантинге жабылмақ. СҚО-да жеті адам вирус жұқтырған. Арасында медбике де бар. Қай облыста қанша адамның вирус жұқтырғанын мына картадан көре аласыз.
  • Алматыда екі адам жасанды аппаратпен демалып жатыр.
  • АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) Қазақстанға коронавируспен күресуге 365 млн теңге (800 мың доллар) көлемінде қаржылай көмек берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG