Accessibility links

Ақтөбеде бұрынғы әйелінің бетін тіліп тастаған ер адам қамалды


Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлімші етіп сабап, бетін пышақпен тіліп тастаған тұрғын 21 күннен кейін қамалды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның мәліметінше, күдіктінің үстінен о баста «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірді» деген айыппен іс қозғалған. Күдіктіні қолхатпен босатқан. Кейін зорлық көрген әйел Айнагүл Бекенованың фотосы желіге тарап, қоғам наразылығын тудырған еді. Осыдан кейін 3 сәуір күні полиция күдіктіні «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қамауға алғанын хабарлады.

Ақтөбе қаласының 28 жастағы тұрғыны Айнагүл Бекенова күйеуінен 2018 жылы ажырасқан. Он жастағы қызы бар. Әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын «НеМолчиKZ» қорының дерегінше, биыл 13 наурыз күні Бекенованың жұмыс орнына келген бұрынғы күйеуі оны өлімші етіп сабап, бетін пышақпен тіліп тастаған.

- Адамның бет әлпеті қалпына келмейтіндей етіп бұзылған жағдайда қылмыстық іс бірден «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қозғалуы керек еді. Бірақ полиция бұл іске тұрмыстағы зорлық-зомбылық ретінде қараған. Күдіктіні үшінші тәулікке жеткізбей босатып жіберген. Жәбірленуші әйел бұрынғы күйеуінің «Мендік болмасаң, ешкімге де бұйырмайсың! Мен сені өлтіремін!» деген. Яғни, ол адам өлтіруге оқталған, - дейді қор жетекшісі Дина Смаилова.

Жәбірленуші Айнагүл Бекенова 3 сәуірде адвокатымен бірге полиция учаскесіне барып, бұрынғы күйеуіне тағылған айыптың қайта ауырлағанын білген. Бекенованың өзі де «ол менің денсаулығыма ауыр зиян келтіріп қана қойған жоқ, мені өлтіруге оқталды» деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG