Accessibility links

Шымкентте коронавирустан қайтыс болған адам жерленді


Шымкенттің кіреберісіндегі блокпост. 2 сәуір 2020 жыл.
Шымкенттің кіреберісіндегі блокпост. 2 сәуір 2020 жыл.

5 сәуір күні Шымкентте короновирустан қайтыс болған Түркістан облысы Мақтарал ауданы Атакент ауылының 1964 жылы туған тұрғыны қала шетіндегі христиан зиратына жерленді. Бұл туралы Азаттыққа қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Түлебаев айтты.

Әбдіманап Түлебаевтың сөзінше, жерлеу рәсіміне арнайы мамандардан бөлек төрт туысының қатысуына рұқсат етілді. Оларға Мақтарал ауданынан карантинге жабылған Шымкент қаласына кіріп-шығуына мүмкіндік берілді.

- Жерлеу рәсімінде індетке қатысты барлық қауіпсіздік шарасы сақталды. Мамандар мен марқұмның туыстары арнайы киімдер киді, қабір дәріленді, - деді департамент басшысы.

Департаменттің дерегінше, марқұм 5 сәуір күні түн ауғанда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Ол 28 наурыз күні 31 жастағы ұлымен бірге Мәскеу-Шымкент-Алматы бағыты бойынша жүк көлігімен келе жатқанда қала шетіндегі блокбекеттен өтпек болған. Тексеру кезінде дене қызуы көтерілгенін анықтаған дәрігерлер жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізген. Марқұм бұдан бұрын қант диабеті, пневмония және туберкулезбен ауырған.

Ал жүк көлігімен Алматыға кеткен ұлы қазір сол қаладағы ауруханада оқшауланған.

Департамент Шымкентте короновирусқа шалдыққан 55 жастағы науқастың да жағдайы ауыр екенін, жан сақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Қалада вирус жұқтырғандар саны 14 адамға жеткен. Науқастармен қарым-қатынаста болған мыңға жуық адам оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған.

4 сәуір күні түнде Шымкентте карантин жарияланған. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, аса бір қажеттілік болмаса адамдардың көшеде жүруіне тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG