Accessibility links

Қызылордада "Қазпошта" мен банктер алдындағы кезек азаймады


"Қазпошта" алдында кезекте тұрған жұрт. Қызылорда, 6 сәуір 2020 жыл.
"Қазпошта" алдында кезекте тұрған жұрт. Қызылорда, 6 сәуір 2020 жыл.

Коронавирусқа байланысты карантин жарияланған Қызылорда қаласында банктер мен "Қазпошта" бөлімшелері алдында кезек азаймады. 6 сәуірде таңертең және түсте Азаттық тілшісі пошта бөлімшелері алдында ондаған, кейбір жерде жүзге жуық адамның жиналып тұрғанын көрді. Олардың басым бөлігі - 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмекті алу үшін құжаттарын жасатуға келгендер. Бұған дейін билік өкілдері коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған адамдарға айына 42 500 теңге төленетінін айтқан еді.

- Төрт балам бар. Жалғызбасты анамын. Наурыздың 15-інен бастап төтенше жағдайға байланысты жұмыстан босап қалдым. Негізі карантин жарияланса, жұмыс берушілер жұмысшыларды автоматты түрде ақысыз демалысқа жіберуі тиіс екен. Бірақ жіберіліп жатқан жоқ. Қазір өтініш беру үшін 2651 теңге төлеу керек дейді. Біз неге төлеуіміз керек? Зейнетақы жарнасын төлеп жатырмыз. Соны білейін деп келіп тұрмын. Бізге не азық-түлік, не 42 500 теңге берген жоқ. Жәрдемақы алмаймын, атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Қайтіп күн көреміз? - деді "Қазпошта" алдында кезегін күтіп тұрған әйелдердің бірі Азаттық тілшісі. Ол аты-жөнін айтқысы келмеді.

Жиналғандардың көбінде маска болғанмен адамдар арасында арақашықтық кемінде 1-1,5 метр болуы керек деген ереже сақталмағанын оңай көруге болады.

"Қызылорда облысы бойынша 165 "Қазпошта" бөлімшесі бар. Қалада 16 бөлімше мен 4 мобильдік топ жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда зейнетақы, жәрдемақы, 42 500 теңге әлеуметтік көмек алу үшін есепшот ашу сияқты операциялар жүріп жатыр. 65-тен жасы асқандардың үйлеріне ақшаны апарып беріп жатырмыз. Коронавирусқа байланысты адамдар арасында арақашықты сақтау үшін арнайы жолақтарды сызып қойдық, алайда халық оған қарап жатқан жоқ" дейді "Қазпошта" АҚ Қызылорда облысы бойынша бөлім басшысы Аида Абибуллаева.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 6 сәуір таңертеңге дейін 42 500 теңге алуға 1 млн 284 мың адамнан өтініш келіп түскен. Министр кейбір азаматтардың банкте есепшоты жоқ болғандықтан есепшотсыз өтініш беру мәселесі қаралып жатқанын айтты.

Соңғы мәлімет бойынша, Қызылорда облысында 37 адамнан коронавирус табылған. 31 наурызда Қызылорда қаласында карантин жарияланып, адамдардың көшеде ары-бері жүруіне шектеу қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG