Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар төтенше жағдай кезінде беріліп жатқан әлеуметтік көмек корзинасы мен жәрдемақы көлеміне наразы. Олар осы мәселені талқылап, WhatsApp әлеуметтік желісінде чат ашқан соң полиция өкілінің үйіне келгенін айтады.
Нұр-Сұлтан тұрғыны алты баласы бар Зиуар Жұманованың айтуынша, желідегі талқылауға Нұр-Сұлтан қалалық және аудандық әкімдіктерінің құзырлы өкілдерін де қосып қойған.
- Біз 6 сәуірде карантин аяқталады деп ойлап, дүйсенбі күні еңбек министрлігіне барамыз деп келіскенбіз. Маған бірден Есіл аудандық полиция бөлімшесінен учаскелік полицей келіп ескерту айтып кетті. Біз өзара талқылап, зейнетақы есепшотындағы жинақтан 200 000 теңге беруді сұрағымыз келген, - деді ол.
Зиуар Жұманова Facebook-та полицияның үйіне келген сәті түсірілген видеоны жариялады. Онда Есіл аудандық полициясының қызметкерімін деп таныстырған полицей карантинге байланысты үйлерді аралап жүргенін айтып, карантин режимін бұзбау керектігін ескертеді. Бірақ "WhatsApp-тағы талқылауға байланысты" келгенін жоққа шығарады.
Зиуар Жұманова жұмысы жоқ көп балалы отбасылар үшін билік ұсынған көмек тығырықтан шығуға көмектеспейді деп санайды. Ол Facebook-та зейнетақы есепшотындағы ақшаны көп балалы аналарға беру туралы талабын жазып, құзырлы органдар мен жауапты шенеуніктерді белгілеп қойған. Әзірге оның жазбасына ешкім жауап бермеген.
Наурыз айының соңында билік өкілдері төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылған адамдарға айына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленетінін айтқан еді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 6 сәуірде бұл көмекті алу үшін 1 млн 284 мың адамнан өтініш келіп түскенін мәлімдеді. Министр кейбір азаматтардың банкте есепшоты жоқ болғандықтан есепшотсыз өтініш беру мәселесі қаралып жатқанын айтты.
Төтенше жағдай кезінде «Нұр Отан» партиясы да аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тарату бастамасын көтерген. Кейін Қызылорда және бірқатар қалаларда азық-түлік пен 42 500 теңге алу үшін ұзын-сонар кезектер пайда болған.
Қазақстанда 16 наурызда пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Жамбыл қалалары карантинге жабылып, кіріп-шығуға шектеу қойылған.
ПІКІРЛЕР