Accessibility links

Шымкентте вирус жұқтырған науқастың әке-шешесі мен әйелі де дертке шалдықты


Шымкенттегі блокпосттың бірі. 2 сәуір 2020 жыл.
Шымкенттегі блокпосттың бірі. 2 сәуір 2020 жыл.

6 сәуір күні Шымкент қаласында короновирус табылған бес адам бір отбасыдан. Олар – бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке келгенде короновирус жұқтырғаны анықталған ер адамның туысы.

Қала әкімдігінің дерегінше, 24 жастағы ер адамның әкесі, шешесі мен ағасы, әйелі мен баласы вирус жұқтырған. Олар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр.

6 сәуірде де Түркістан облысында бес адамнан короновирус табылды. Вирус жұқтырғандардың бәрі – Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавл-Қызылорда пойызымен келген Жетісай қаласы тұрғынының жақыны. Олардың бірі – 2 жасар сәби.

Дүйсенбідегі мәлімет бойынша, короновирус жұқтырғандар саны Шымкентте – 19 адамға, Түркістан облысында 33 адамға жетті.

4 сәуірде Шымкент қаласы карантинге жабылған. Қалада арнайы рұқсат қағазы жоқ адамдардың көшеге шығуына тыйым салынған. Түркістан облысында тұрғындардың бәріне маска киіп жүру міндеттелген. Бірнеше ауылға карантин жарияланған. Екі аймақта да бірнеше блокбекет қойылған.

6 сәуірдегі мәліметке сай, Қазақстанда 662 адамнан вирус табылған. 46 адам дерттен айықты. Бес адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG