Accessibility links

Халі нашарлаған екі науқас Түркістаннан Шымкент ауруханасына жеткізілді


Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.
Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.

Короновирус жұқтырып, денсаулығы нашарлаған Түркістан облысының екі тұрғыны Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді. Бұл туралы 7 сәуір күні Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова мәлімдеді.

Айгүл Бекбауованың сөзіне қарағанда, екі науқастың да жағдайы ауыр. Ал облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Түркістан облысында жұқпалы аурулар ауруханасы жоқ болғандықтан науқастар Шымкентке жіберілгенін айтты.

Түркістан облысында короновирус жұқтырғандар саны 33 адамға жетті. Олардың ішінде екі сәби бар. Жетісай ауданы мен Бадам, Дербес, Еңкес, Қосбұлақ, Ханқорған және Наурыз ауылы және үш аурухана мен көпқабатты үш үй карантинге жабылған. Облыста көшеге шыққандарға маска тағу міндеттелген. Автовокзалдар мен теміржол вокзалы жұмысын тоқтатқан. Ондаған блокпост қойылған.

4 сәуір күні Түркістан облысы Жетісай қаласының 64 жастағы тұрғыны короновирустан қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне карантинде жатқан балалары мен туыстары жіберілмеді. Марқұм Алматы қаласында қонақта болып келген соң дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерге көрінген. Кейін одан короновирус табылып, 29 наурызда жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Коронавирус жұқтырғандар Қазақстанда 670 адам болды. 46 адам айыққан. 6 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG