Accessibility links

Оралдық белсенді Аслан Сагутдинов үш тәулікке қамалды


Аслан Сагутдинов
Аслан Сагутдинов

Орал соты жергілікті белсенді Аслан Сагутдиновті “шағын бұзақылық жасады” деп айыптап, үш тәулікке қамады. Сот отырысы коронавирусқа байланысты жарияланған карантинге орай 8 сәуірде онлайн-режимде өтті.

Белсендінің үстінен әкімдік қаржыландыратын “Пульс города” басылымының қызметкері Дана Дүйсекенова арызданған.

Сагутдиновтің адвокаты Мереке Ғабдулиевтің сөзінше, прокурор белсендіні он тәулікке қамауды сұраған.

— Сагутдинов Дана Дүйсекенованы көлік жүргізушілердің наразылық шарасы кезінде балағаттаған. Оқиға ақпанда болған. Осыны шағын бұзақылық деп жатыр, — деді адвокат.

Сагутдинов пен Дүйсекенова Оралда Армения мен Қырғызстаннан алған көліктерін тіркеуді жеңілдетуді талап еткен жүргізушілер шарасын түсіріп жүрген. Кейін Сагутдинов сол маңдағы журналистерге “Дүйсекенова менің артымнан қалмай, митингіні видеоға түсіруге кедергі келтіріп жүр” деген.

Полиция осы іс бойынша Аслан Сагутдиновті 7 сәуірде ұстаған. Ол изоляторда түнеді. Кейін департаменттің баспасөз қызметі Сагутдиновтің үстінен “Полицияның заңды талабына бағынбады” деген айыппен тағы бір әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібековтің сөзінше, ол “ұстау кезінде полицейлердің көлігінің терезесін сындырған”.

Оралдық блогер және белсенді Аслан Сагутдинов былтыр мамырда қаладағы Абай алаңына бос плакат ұстап шыққан соң жұртқа танылған. Оны полиция ұстап, бөлімшеге жеткізіп, кейін босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG