Accessibility links

Шымкентте сегіз мың үй жарықсыз қалды 


Төтенше жағдай қызметінің мамандары жолды құлаған ағаштардан аршып жатыр. 9 сәуір 2020 жыл.
Төтенше жағдай қызметінің мамандары жолды құлаған ағаштардан аршып жатыр. 9 сәуір 2020 жыл.

Шымкентте 9 сәуірге қараған түні қалың қар жауып, шамамен сегіз мың үй жарықсыз қалды. Бұл туралы Азаттыққа қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Зарипа Абдуллақызы хабарлады.

Шымкент маңындағы Құрсай, Қайнарбұлақ, Асар-2, Қазығұрт, Нұрсәт, Қайтпас шағын ауданының тұрғындары жарық сөніп, балалар "Балапан" арнасынан өткен сабаққа қатыса алмағанын айтады. Интернет байланысы нашарлап, мұғалімдердің берген тапсырмасын уақытында ала алмаған.

Қала көшелері мен көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында өсіп тұрған ағаштар жауыннан кейін жауған қарды көтере алмай сынған. Көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары пәтерлері суық екенін айтып шағымданған.

Зарипа Абдуллақызының айтуынша, сынған ағаштардың астында қалған электр желілері үзілген. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тұрған 21 жеңіл көлікті ағаш басып, зақымданған. 9 сәуір күндізгі сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, Шымкентте 1500 үйге жарық қосылған.

- Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс біткеннен кейін жарық қосылады, - дейді баспасөз хатшысы.

1 сәуірде қалада жылу жүйесі сөндірілген.

6 сәуірден бастап Қазақстанда оқушылар қашықтан оқуға көшкен болатын. Білім және ғылым министрлігі интернет жылдамдығы төмен болғандықтан онлайн оқудан бас тартқан еді.

Министрліктің айтуынша, оқушылар телеарналар арқылы, “Күнделік”, “Білімленд”, “Дарын онлайн” платформалары арқылы оқып жатыр. Кейбір елдімекендерге оқу құралдарын “Қазпошта” арқылы жеткізіледі. Бейнесабақтар "Балапан", "Ел арна", "Алматы" телеарналары арқылы да көрсетіліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG