Accessibility links

Қызылордада әлеуметтік көмек ала алмай жүрген бір топ адам "Нұр Отанға" барды


"Нұр Отанның" Қызылордадағы бөлімшесі алдына жиналған адамдар. 10 сәуір 2020 жыл.
"Нұр Отанның" Қызылордадағы бөлімшесі алдына жиналған адамдар. 10 сәуір 2020 жыл.

10 сәуір түске таман Қызылордада 20 шақты адам "Нұр Отан" партиясы бөлімшесінің алдына жиналды. Бұл жаққа азық-түлік және 42 500 теңге көлемінде берілетін әлеуметтік көмекті ала алмай жүрген тұрғындар жиналған.

- Менің екі балам бар. Екеуі де аутизммен ауырады. Ай сайын 70 мың теңгеге дәрі-дәрмек аламын. Жәрдемақы алмаймын. Себебі бермеу үшін ылғи сылтау тауып алады. Қазір енді 42 500 теңгені де ала алмай жүрмін. Жұртқа беріп жатқан 50 мыңды да алмадым. Азық-түлік те жоқ. Ешқандай көмек болмай жатыр. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Екі баламның жүйке жүйесі ауырады. Психдиспансерде тіркеуде тұрмыз. Оларды не зейнетке шығармайды. Бұрын базар ашық болған кезде күніне 1200 теңге алушы едім. "Совбез" тек жағдайы жақсы адамдарға көмек беретін сияқты. Мысалы, біздің көршіміз алды. Ал біз сияқты көмекке зәру адамдар табалдырық тоздырып жүрміз, - деді жалғызбасты ана Гүлнар Мерзиева.

Жиналғандардың бірі Мақпал Торманова да "не қаржылай көмек, не азық-түлік ала алмадым" деп торықты.

- Үш балам бар. Пәтер жалдап тұрамын. Өзім де, енем де жұмыссыз. Қазір не 42 мың теңге алған жоқпыз, не азық түлік берген жоқ. Не 50 мыңға ілінген жоқпыз. Үйде баласы барларға бірінші кезекте берілуі керек деп есептеймін. Есепшоттар арестен алынады деп еді, ол алынбаған. Сонда үкіметтің айтқанының бәрі өтірік болып тұр ғой? Банктерде адамдардың арасын ашып, түсіндіріп жатады. Ал "Нұр Отаннан" бір адам шығып, неге халыққа жөнін айтпайды? Сонда бүкіл вирус жалғыз "Нұр Отанға" келген бе? - деді жыламсырап.

Бұған дейін билік өкілдері коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған адамдарға айына 42 500 теңге төленетінін айтқан еді. "Нұр Отан" партиясының төрағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Біз біргеміз" акциясы аясында да көмекке зәру отбасыларға 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілетіні айтылған еді.

10 сәуірде "Нұр Отан" бөлімшесіне шағымданушыларды кіргізбеді. Жиналғандар ғимаратқа ары-бері кіріп жүрген адамдардан сұрағанмен жауап ала алмады. Бөлімше қызметкерлері Азаттықтың да сұрақтарына жауап беруге уәде еткенмен әзірге ғимараттан ешкім шыққан жоқ.

Ғимарат сыртында жеті-сегіз полиция қызметкері жүрді. Олар "карантин кезінде топтасып жиналуға болмайтынын" айтып жұртты таратуға тырысты. Жергілікті уақыт бойынша түскі 12 шамасында да ғимарат алдындағы жұрт тарқамады.

Бұған дейін де Қызылордада тұрғындар жиналып, биліктен әлеуметтік көмек талап еткен.

9 сәуірде жергілікті БАҚ "Біз біргеміз" акциясы аясында алғашқы 50 мың отбасына 50 мың теңге көлемінде көмек берілгенін жазды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан бойынша 3 миллионнан астам адамнан 42 500 теңге көлемінде көмек алуға өтініш түскен. Осы аптада министрлік өтініштерді өңдеуге көбірек уақыт кеткендіктен әлеуметтік көмектің кешігіп жетуі мүмкін екенін ескерткен.

P.s. "Нұр Отанның" Қызылорда қаласындағы бөлімшесі күндізгі сағат 16.00 шамасында Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

"Қызылорда қаласы бойынша - 813 әлеуметтік аз қамтылған отбасыға, облыс бойынша барлығы 3967 отбасыға азық-түлік және өзге заттар түрінде көмек берілді. Көмектің бәрі демеушілер есебінен жүргізіліп жатыр. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне және WhatsApp-қа бес мыңның үстінде арыз түсті. Барлығы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жіберіліп жатыр. Олар шағымдарды қарап, әрі қарай көмек беру мәселесін шешуі керек. Біз біргеміз акциясы аясында 6313 адамға көмек беріледі: 4900-і - әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, 187-і - әке-шешесі жоқ балалар, 1212 - ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер. Қазір екі күннен бері ақша аударылып жатыр. Шамамен 70 пайызы алды. 42 500 теңге мәселесі "Нұр Отанның" құзырына кірмейді" деді "Нұр Отан" партиясының Қызылорда бөлімшесі жетекшісінің орынбасары Алтынбек Жарылқасынов.

Қарай отырыңыз: 42 500 теңгенің әуресі. Қазпошта мен банк алдындағы ұзын-сонар кезек (3 сәуір 2020 жыл).

42 500 теңгенің әуресі. Қазпошта мен банк алдындағы ұзын-сонар кезек
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG