Accessibility links

Денсаулық басқармасы орталық ауруханадағы дәрігерлерге вирус жұққанын растады


Алматыдағы ауруханалардың бірі. 26 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы ауруханалардың бірі. 26 наурыз 2020 жыл.

11 сәуір түсте Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі N12 қалалық орталық клиникалық ауруханада істейтін 12 медицина қызметкері: 10 мейірбике және 2 дәрігерге коронавирус жұққанын растады.

Бұған дейін Алматы қаласындағы N12 орталық ауруханада істейтін бірнеше дәрігерден коронавирус табылғаны, аурухананың әлі күнге дейін карантинге жабылмағаны хабарланған болатын.

"Аурухананы карантинге жабу мәселесін эпидемиологтар шешеді" деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нәбира Есенова Азаттық тілшісіне.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, вирус жұққан екі медицина қызметкерінің жағдайы "полисегментті пневмонияға байланысты - ауыр, қалғанының жағдайы - бірқалыпты".

"Қазіргі кезде эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.​ Қалалық шұғыл штаб жағдайды бақылап отыр. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін белгілі бір шаралар атқарылып жатыр. Олармен байланыста болған барлық адамдар іздестіріліп, карантинге орналастырылады" деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Сенбі күні қалада 12 медицина қызметкерінен бөлек, тағы екі адамнан коронавирус табылған. Науқастармен байланыста болған 2000 жылғы жас жігіт және Куала-Лумпурдан келіп, карантинге жатқызылған 24 жастағы қыз баладан вирус анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің 10 сәуір күнгі дерегі бойынша, Қазақстанда 120 дәрігерге коронавирус жұққан. Олардың 67-іне вирус - науқастардан, қалғанына туысы мен таныстарынан жұққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG