Accessibility links

АЕ/АР Бішкекті Азаттық журналистеріне жасалған қоқан-лоқыны тексеруге шақырды


Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы бас кеңсесі.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы бас кеңсесі.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қырғызстан билігін кеден қызметінің бұрынғы қызметкерінің мәлімдемесін тексеруге шақырды. Бұрынғы қызметкердің айтуынша, оның бұрынғы бастығы АҚШ қаржыландыратын медиакорпорацияның Қырғыз қызметінің тілшісін Қырғызстанға "тірі не өлі" күйінде "жеткізуді бұйырған".

Кеден қызметкерінің бұрынғы өкілі Эмильбек Кимсановтың бұл "тапсырма" жайлы видеосы Facebook-та 10 сәуірде пайда болды. Оны Кимсановтың әйелі Мария Заворотняя жариялаған. Видеоның қашан түсірілгені белгісіз.

Видеода Кимсанов "Қырғызстанның кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Прагада тұратын Али Токтакунов пен оның командасының контактілерін беріп, Токтакуновты тірі, не өлі күйінде жеткізіңдер деп тапсырма берді" деп айтады.

"АЕ/АР журналистеріне жасалған кез келген қоқан лоқыға ерекше назар аударады. Райымбек Матраимов пен оның жақтастарының журналистік зерттеу жүргізген Азаттық тілшілерін ғайбаттап, қоқан-лоқы көрсетуін айыптаймыз. Қырғызстан билігінен бұл мәселеге ерекше назар аударып, кінәлілерді жазаға тартуын сұраймыз" деді медиакорпорация президенті Джейми Флай.

Матраимов видеоға қатысты түсінікеме берген жоқ.

Токтакунов Азаттықтың Қырғыз қызметі, Kloop.kg сайты және Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) бірігіп жүргізген журналистік зерттеу материалында жүргізуші болған. Осы аптада мақалалар топтамасының авторлары зерттеу журналистикасы саласында берілетін 2019 жылдың Том Реннер атындағы сыйлығына ие болды. Сыйлықты "Зерттеуші журналистер мен редакторлар" (IRE – The Investigative Reporters and Editors) ұйымы тапсырды. Конкурсқа 450-ден астам өтініш келіп түскен. 1979 жылдан бері тапсырылып келе жатқан байқауға түрлі медиаплатформалар қатыса алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG