Accessibility links

Ақтөбеде фельдшерлер шағымынан соң басқарма бір реттік үстемақы төлеуге уәде берді


Үстемақы мәселесі көтерілген жиыннан шығып келе жедел жәрдем қызметкерлері. Ақтөбе, 12 сәуір 2020 жыл.
Үстемақы мәселесі көтерілген жиыннан шығып келе жедел жәрдем қызметкерлері. Ақтөбе, 12 сәуір 2020 жыл.

Ақтөбеде "төтенше жағдай кезінде қосымша ақы алмадық" деп шағымданған жедел жәрдем фельдшерлердің наразылығынан соң оларға 100 мың теңгеден бір реттік үстемақы берілетін болды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда, 12 сәуірде ол облыстық бекетке наразы қызметкерлерді жинап, үстемақының жай-жапсарын түсіндірген.

- Жедел жәрдемде коронавируспен күрес үшін арнайы жасақталған 24 бригада бар. КВИ (коронавирус инфекциясын емдеу) бригадаларға наурыз айы үшін жүктемелеріне қарай үстемақы төленді. Оларды республика бюджеті қаржыландырып отыр. Төтенше жағдай режимінде жұмыс істеген өзге де мамандардың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан жедел жәрдемнің кви бригадасы құрамына енбеген қызметкерлеріне облыс бюджетінен 100 мың теңгеден бір реттік үстемақы төлеу туралы шешім қабылданды, - дейді Әсет Қалиев.

Облыстық жедел жәрдем бекетіндегі үстемақыға қатысты жиынға үш ауысымнан 50-ден астам адам қатысқан. Азаттық тілшісі «карантин аймағы» деп жарияланған ғимаратқа кіре алмады. Жиналыстан шыққан фельдшерлер (аты-жөндерін атамауды өтінді) жиналыстың ұзаққа созылғанын, облыстық басқарма басшысы бір апта көлемінде үстемақы төлеуге уәде еткенін айтты.

Республика бюджеті қаржыландырып отырған коронавируспен күрес бригадаларға Ақтөбе облысы бойынша жедел жәрдемнің 120 қызметкері енген. Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов вируспен күреске ең үздік мамандар іріктелгенін айтады.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, коронавируспен күреске жалпы саны 854 медицина қызметкері тартылған. Қауіп деңгейіне байланысты үш категорияға бөлінген медицина мамандарына наурыз айы үшін 117 млн теңге үстемақы төленген.

Қарай отырыңыз: Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері өтемақы алмағанына наразы (10 сәуір 2020 жыл).

Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері өтемақы алмағанына наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG