Accessibility links

Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кейбір кәсіп 20 сәуірден бастап жұмысқа кіріседі


Коронавирус кезінде Нұр-Сұлтан көшесін дезинфекциялап жүрген адам. 2020 жылдың наурызы. (Сурет Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды).
Коронавирус кезінде Нұр-Сұлтан көшесін дезинфекциялап жүрген адам. 2020 жылдың наурызы. (Сурет Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды).

20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірқатар бизнес пен кәсіпорындардың жұмысы қайта жалғасады. Бұл туралы 13 сәуірде Қазақстан президенті жанынан құрылған төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мемлекеттік комиссиясының отырысында белгілі болды. Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жұмысын қалпына келтіретін кәсіп түрлерінің нақты тізімін 15 сәуірде бекітеді.

Алғашқылардың бірі болып жұмысын бастайтын кәсіпкерлер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауы тиіс.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, екі қалада "эпидемия жағдайына байланысты" кәсіпорындардың жұмыс процесінде айырмашылық болуы мүмкін, алғашқылардың бірі болып вирус жұғу қаупі аз кәсіпорындар жұмысын бастайды.

"Мемлекеттік комиссия отырысында Нұр-Сұлтан әкімдігі өнеркәсіптік, индустрия саласындағы кәсіпорындардың, құрылыс саласындағы орындардың, асфальт-бетон зауыттарының, екінші деңгейлі банктердің, киім жуатын орындардың, шиномонтаж бен көлік жуу орындарының, техника жөндеу орындарының жұмысына рұқсат беруді, тамақ дайындайтын орындардан тамақ жеткізу уақытын кешкі онға дейін ұзартуды ұсынды. Шамамен Нұр-Сұлтанда 100 мыңдай адам жұмысқа оралады. Алматы қаласы өнеркәсіп саласындағы орындар, қоймалар, құрылыс жұмыстары және банк жұмысы, шиномонтаж бен көлік жуу орындары, техника жөндеу орындары толық жұмыс күніне көшеді. Алматы қаласында 128 мың адам жұмысын жалғастырады" деді Абаев брифингте.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты сәуірдің ортасына дейін төтенше жағдай жарияланған. Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жарияланып, қаладағы азық-түлік дүкендері мен дәріханадан басқа орындардың барлығы жұмысын тоқтатқан. 10 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір шағын және орта кәсіп жұмысына қайта оралатынын мәлімдеп, “тәуекелге барамыз, басқа амалымыз жоқ” деген.

Қазір елде 979 адамға жұқты. 110 науқас дерттен айықты. Министрліктің дерегінше, 21 адамның жағдайы ауыр. 12 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG