Accessibility links

Назарбаевты сынап видеоүндеу жасаған Қарағанды тұрғыны ұсталды


13 сәуірде Қарағандыда полиция 12 сәуірде Youtube желісінде видеоүндеу жариялаған жергілікті тұрғынды ұстады. Тұрғын видеоүндеуінде Қазақстан билігін сынаған. Видеодағы ер адам өзін Арман Хасенов деп таныстырады.

“21-ғасыр. Ал біз қалай өмір сүріп жатырмыз? Үйлер құлап, қирап жатыр. Кейбір жерде интернет жоқ болған соң қалай ел дамып жатыр деп айта аламыз? Мен бірден айтайын, конституциялық төңкеріске я митингіге шақырмаймын. Мен тек жұрт көзін ашып, ойын ашық айтқанын қалаймын. Ішіме толып қалды. Сондықтан осы видеоны түсіріп отырмын. Ойымды айту міндетім деп білемін. Ауыз жауып отырғым келмейді. Мен ештеңеден қорықпаймын. Айып тақсаңыздар – тағыңыздар, өлтіріп не қорқытқыларыңыз келсе - байқап көріңіздер. Бәрі де жауап береді... Ұлт көшбасшысын ренжіту қылмыстық іске түрткі болады ғой” деді ол видеоүндеуінде.

Қарағанды тұрғыны видеода “бұрынғы президенттің туысқандарының байлығы қайдан келгені” жайлы да өзінің жеке ойын айтады.

13 сәуірде ҰҚК баспасөз қызметі “Х.А.К” есімді Қарағанды тұрғынының ұсталғанын, видео бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлады. ҰҚК іс туралы басқа ақпарат таратпады. Ұсталған адамға адвокат берілгені я берілмегені және нақты қандай айып тағылғаны белгісіз. Азаттық бұл істі назарда ұстамақ.

Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан, бірақ биліктің бір тармағын әлі уысында ұстап отыр Нұрсұлтан Назарбаевқа “елбасы” және “ұлт көшбасшысы” титулы берілген. Бұл титулдың иесі ретінде оның және отбасының үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Ал Қылмыстық кодекстің 373-бабына сай, Назарбаевтың ар-намысына тигендердің үстінен іс қозғалады. Елдегі және халықаралық құқық қорғаушылар Назарбаевтың титулын және Қылмыстық кодекстегі бапты “жеке басқа табыну” деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG