Ақтөбе соты "бұрынғы әйелін өлімші етіп сабап, бетін пышақпен тіліп тастаған" тұрғынның қамау мерзімін екі айға созды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған дейін 3 сәуір күні күдікті "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен 10 күнге қамалған болатын. Күдіктінің адвокаты Нұрболат Түкеев қамау мерзімі екі айға ұзарғанын растады. Бірақ ол іс бойынша басқа ақпарат айтудан бас тартты.
Жәбірленуші Айнагүл Бекенова да бұрынғы күйеуінің тергеу изоляторында тағы екі ай болатынынан хабардар. Әлі де үрейден арыла алмай отырған әйел екі аптадан бері психологпен жұмыс істеп жатқанын айтады.
Ақтөбе қаласының 28 жастағы тұрғыны Айнагүл Бекенова күйеуінен 2018 жылы ажырасқан. Он жастағы қызы бар. Бекенованың сөзінше, биыл 13 наурыз күні Бекенованың жұмыс орнына келген бұрынғы күйеуі оны өлімші етіп сабап, бетін пышақпен тіліп тастаған. Бұл оқиға жайлы әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчиKZ" қоры жариялаған соң қоғам назары ауған.
"Адамның бет әлпеті қалпына келмейтіндей етіп бұзылған жағдайда қылмыстық іс бірден "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен қозғалуы керек еді. Бірақ полиция бұл іске тұрмыстағы зорлық-зомбылық ретінде қараған. Күдіктіні үшінші тәулікке жеткізбей босатып жіберген" дейді қор жетекшісі Дина Смаилова.
Оқи отырыңыз: Бұрынғы күйеуінен зорлық көрген әйелдің мұңы
"НеМолчиKZ" мен Айнагүл Бекенова Facebook желісіне пост жариялап, журналистерге оқиға жайлы айтқан соң полиция ер адамды қамауға алып, тағылған айыпты ауырлатқан.
Күдікті туысқандары тергеу амалдарына байланысты Азаттыққа қандай да бір пікір беруден тас тартқан.
ПІКІРЛЕР