Accessibility links

Душанбе соты экстремизммен айыпталған журналист ісін кейінге қалдырды


Журналист Далер Шарифовты қолдау үшін сотқа келгендер.
Журналист Далер Шарифовты қолдау үшін сотқа келгендер.

Душанбе соты эстремизм бабымен айыпталған тәжік журналисі Далер Шарифов ісін кейінге қалдырды. Сот тыңдауы 13 сәуірде Душанбе қаласының Шомансур аудандық сотында басталуы тиіс еді. Алайда Шарифовтың адвокатының айтуынша, сот тыңдауына прокурор келмеген. Сот отырысы ашық өте ме, жабық өте ме, әзірге белгісіз.

Тәжікстанның ішкі саясаты мен діни мәселелер жайында жазатын 32 жастағы Шарифовты арнайы қызмет 28 қаңтарда қамауға алған. Кейіннен оған «ұлттық және діни араздық туғызды» деген айып тағылған. Егер ол кінәлі саналса, 5 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Айыптау тарабының сөзінше, қылмыстық іс «2013-2019 жылдар аралығындағы 200-ден астам мазмұны экстремистік мақала мен түрлі жазбаларға» негізделген.

Шарифовтың туыстары, құқық қорғау ұйымдары мен баспасөз бостандығын қорғаушы ұйымдар журналистке тағылған айып негізсіз деп санайды және оны дереу босатуды талап етеді.

«Шекарасыз репортерлер» және «Журналистерді қорғау комитеті» халықаралық ұйымдары журналистке тағылған айыпты абсурд деп есептеп, биыл наурызда өткен сайлау алдында Шарифовты әдейі қамауға алып, үнін естіртпеуге тырысты деп болжайды. Бұл сайлауда ресми билік Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон басқаратын билік партиясы жеңді деп хабарлаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG