Accessibility links

Шымкентте "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен сотқа тартылған кәсіпкер ақталды


Нұркен Айнабеков
Нұркен Айнабеков

15 сәуір Шымкент қаласы Еңбекші аудандық соты "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен айыпталған кәсіпкер Нұркен Айнабековті ақтады.

Аудандық соттың судьясы Қайрат Ізбасаровтың айтуынша, 2019 жылдың қараша айында Нұркен Айнабековтің үстінен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (қазіргі Түркістан облысы) болған Болатбек Нажметдинұлы шағым түсірген. Арызда 2019 жылдың 20 қыркүйегінде Айнабеков журналист Сардар Әбдіжақияға берген сұхбатта “Нажметдинұлы жемқор” деген.

Жәбірленуші шағымында айыпталушы «жала жауып, абыройы мен қадір-қасиетіне тиіп, кемсітіп қорлағанын» айтқан.

- Айнабеков Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен кінәсіз деп танылды. Іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты ақталды, - дейді судья Ізбасаров.

Үкім онлайн режимінде оқылды. Айнабеков үкімді Шымкенттегі тергеу изоляторында тыңдады. Айыпталушы 13 наурызда сот қаулысымен қамауға алынған болатын. Сот оны сот процестеріне қатыспай, сотты құрметтемеді деп қамаған. Айнабеков сотқа денсаулығына байланысты келе алмайтынын айтқан.

Ақталған Айнабеков тергеу изоляторынан 15 сәуір күні түнде шықты. Ол Азаттыққа сот үкімімен толық келісетінін, арызданушыға қарсы шағым түсіру-түсірмеуді ойланатынын айтты.

- Тікелей эфир кезінде Болатбек Нажметдинұлын "алаяқ, жемқор" дегенім рас. Әкімдікке сеніп өмір бойы жиған-тергенімді салып, Қайтпас шағын ауданындағы отбасылық амбулаторияны салдым. Біткеннен соң әкімдік ақшамды бермей қойды. Құрылысқа Нажметдинұлы жауапты еді. Сотта өз сөзімді дәлелдедім, - дейді Айнабеков.

Сот үкімі туралы Болатбек Нажметдинұлынан комментарий алу мүмкін болмады.

52 жастағы кәсіпкер Нұркен Айнабеков 2016 жылдың желтоқсан айында Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының (қазіргі Түркістан облыстық прокуратурасы - ред.) алдында наразылық білдіріп, денесіне бензин құйын, өзін-өзі өртеген. Ол Қайтпас шағын ауданында отбасылық амбулатория салғанын, ол үшін жергілікті биліктен тиісті қаржысын ала алмай отырғанын жеткізген. Ол бұған Нажметдинұлын айыптаған. 2017 жылы әкімдік Айнабековті сотқа беріп, оның бас бостандығы үш жылға шектелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG