Accessibility links

ІІМ "карантин режимін бұзған" азаматтық белсенділер туралы айтты


Жолда жүргізушілерді тексеріп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.
Жолда жүргізушілерді тексеріп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның түрлі қалаларында төтенше жағдай және карантин кезінде 5130 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған: 2479 адамға айыппұл салынған, 1626 адам қамалған. Бұл туралы Tengrinews сайты жазды. Коронавирусқа байланысты жалған ақпарат тарату фактілері бойынша сотқа дейінгі 80 іс ашылған, тергеу жүргізіліп жатыр.

Министрлік өкілдері жақында "карантин режимін бұзды" деп айыпталып, әкімшілік қамауға алынған азаматтық белсенділердің атын атап, олардың ереже бұзғанын айтқан.

"Мысалы, әкімшілік қамауға алынған алматылық Асхат Жексебаев көшеде видеомәлімдеме түсіріп, тұрғындарды сыртқа шығып, бос қазанды тақылдатуға шақырған. Жамбыл облысында Бағдат Бақтыбаев есімді тұрғын әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдарды видеоға түсіріп, тұрғындарды төтенше жағдай кезінде заң бұзуға итермелеген. Ол он күнге қамалды" деген министрлік өкілдері.

11 сәуірде тіркелмеген "Көше" партиясының мүшесі, алматылық белсенді Асхат Жексебаев "карантин ережесін бұзды" деп айыпталып, төрт күнге қамалған болатын. Facebook-та жарияланған видеода белсенді жұма, 10 сәуірде ет алу үшін Магнумға барғанын, полицейлердің сол үшін оны ұстап, бөлімшеге апарғанын айтқан еді. Ол ешқандай ереже бұзбағанын, полицейлердің ұстауын өзінің белсенділігімен байланыстырған.

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны азаматтық белсенді Бағдат Бақтыбаев 6 сәуірде "төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін" он тәулікке қамалған еді. Туыстарының айтуынша, Бақтыбаев өзі тұратын аудан орталығындағы "Қазпошта" ғимаратында мемлекет беруге уәде еткен 42 500 теңгені алу үшін құжат жасауға келген халықты көріп, Facebook желісіне тікелей эфирге шығып, "үкімет карантин жағдайында халыққа жағдай жасамай жатыр" деген мазмұнда наразылығын білдірген. Одан кейін онлайн сот өтіп, он күнге қамалған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG