Accessibility links

Имам вирустан қайтыс болған жетісайлық тұрғынның жаназасын "50 метр алыста тұрып оқыды"


Шымкенттегі блокпост. Көрнекі сурет
Шымкенттегі блокпост. Көрнекі сурет

15 сәуір күні Шымкентте коронавирустан қайтыс болған Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны сол күні түнде жерленді. Марқұмның жаназасына балалары мен туыстары қатыса алмады. Бұл туралы Азаттыққа 16 сәуір күні Шымкент қалалық мешітінің баспасөз хатшысы Мухамеджан Естеміров айтты.

Естеміровтың сөзінше, коронавирустан қайтыс болған 66 жастағы бұрынғы полицей Шымкент шетіндегі "Жібек жолы" мұсылмандар зиратына жерленген. Жаназаға арнайы мамандардан бөлек Абай ауданының имамы қатысты. Имам елу метр қашықта тұрып жаназасын оқыған.

- Мамандар мен имамдар арнайы киімдер киді. Марқұмның бала-шағасы мен туыстары оның жаназасы мен жерлеуіне қатыса алмады, - дейді баспасөз хатшысы.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова марқұмнан вирус 1 сәуір күні анықталғанын хабарлады. Ол Жетісай аудандық ауруханасында коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. Үш күннен кейін жағдайы ауырлаған соң санавиациямен Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. 7 сәуір күні облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Азаттыққа облыста жұқпалы аурулар ауруханасы жоқ болған соң хәлі нашарлаған екі науқас Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілгенін айтқан.

Түркістан облысында коронавирустан бір адам, Шымкентте үш адам қайтыс болды. Шымкент қаласында 43 адамнан, Түркістан облысында 49 адамнан коронавирус табылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG