Accessibility links

Орал соты белсенді Айболат Бөкеновке айыппұл салды


Айболат Бөкенов
Айболат Бөкенов

Оралдың азаматтық соты 16 сәуірде жергілікті белсенді Айболат Бөкеновке 130 мың теңге (300 доллар) көлемінде айыппұл салды. Белсендінің үстінен аймақтағы басылымның тілшісі Дана Дүйсекенова шағым түсірген.

- Сот азаматтық шағымды ішінара қанағаттандырды. Бөкенов шағымданушыға 80 мың теңге моральдық шығын, оның адвокатының қызметі үшін 50 мың теңге және мемлекеттік баж салығы үшін 800 теңге төлеуі тиіс, - деді судья Сәкен Нахипов 16 сәуірдегі онлайн сотта.

Дүйсекенова шағымында 250 мың теңге (600 доллар) талап еткен.

- Бөкенов мені видеоға түсіріп, желіге салып таратып жіберді. Мені мазақ қылғандар көп болды. Әріптестеріммен сөйлесуден, үйден шығудан қалдым, - деді сот отырысында Дүйсекенова.

Видео былтыр 12 желтоқсанда полиция департаментінің ғимаратында түсірілген. Бөкеновтің сөзінше, ол департаменттің баспасөз мәслихатында смартфонмен видео түсіріп тұрып, кейін оны жанындағы танысына беріп, өзі сұрақ қою үшін трибунаға шыққан.

- Келсем, телефоным Дананың қолында тұр екен. Келіп телефонымды алып алдым, - дейді ол.

Кейін Дүйсекенова “Бөкенов денемді жарақаттады” деп арыз жазған. Оның сөзінше, Бөкенов өзін видеоға түсіріп, кейін телефонын алғанда денесін жарақаттаған. Іс материалдарында дене жарақатын “растайтын” фото мен анықтама болған.

Желтоқсан соңында сот Бөкеновті “Дүйсекенованың денесін жарақаттады” деп бес тәулікке қамаған. Бөкеновтің өзі тағылған екі айыпты мойындамады.

- Полиция ғимаратында қалай мен қызға қол көтерем немесе қолын қайырамын? Ол жерде 500 полицей мен журналист болды. Солардың көзінше қол көтермеймін ғой? Мен солай жасасам бірден алып кетер еді, - дейді Бөкенов.

Дүйсекенова Азаттыққа сот шешімімен келісетінін айтты. Бөкенов "апелляцияға бермеймін" дейді. Ол "апелляциялық шағым жазсам, айыппұлды көбейтіп жіберер" деп қауіптенеді.

Бұған дейін Бөкеновті облыстық полиция департаменті де сотқа берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG