Accessibility links

Тәжікстанда экстремизммен айыпталған журналист бір жылға бас бостандығынан айрылды


Журналист Далер Шарифов.
Журналист Далер Шарифов.

Душанбенің Шохмансур аудандық соты 16 сәуірде экстремизм бабымен айыпталған тәжік журналисі Далер Шарифовты бір жылға бас бостандығынан айырды. Ол жалпы режимдегі колонияға жіберіледі. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, прокурор журналисті 2 жыл 4 айға соттауды сұраған. Ал қорғау тарабы журналисті ақтап, сот залынан босатуды өтінген.

Журналистің адвокаты Абдурахмон Шарипов сот үкімі шыққаннан кейін Шарифов өзіне тағылған айыпты толық жоққа шығарса да үкімді апелляцияға бермейтінін айтқан. Белгілі журналист үш айдан бері тергеу изоляторында отыр.

Тәжікстанның ішкі саясаты мен діни мәселелер жайында жазатын 32 жастағы Шарифовты арнайы қызмет 28 қаңтарда қамауға алған. Кейіннен оған "ұлттық және діни араздық туғызды" деген айып тағылған. Бұған дейін егер ол кінәлі деп танылса, 5 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін екені айтылған еді. Бейсенбі күні сот үкімін оқыған судья "жазаны жұмсартатын жағдайлар ескерілгенін" айтты.

Журналистің әкесі Абдуманнон Шарифов сот үкімі оқылғаннан кейін "Далердің кінәсі жоқ, оны босату керек" деп айтқан.

Танымал заңгер Ойнихол Бобоназарова Далер Шарифовтің мақалаларын оқып шыққанын, ешқайсынан экстремизм белгілерін таппағанын айтқан.

"Қылмыстық іс қозғауға негіз болатындай ештеңе жоқ. Далерді сот залынан босатуы тиіс болатын, себебі айыптау тарабында оның кінәлі екенін дәлелдейтін айғақ жоқ" деді ол.

Бейсенбі күні сот қызметкерлері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирусқа байланысты айтқан ескертуін алға тартып, сот залына тек журналистің адвокаты мен ата-анасын ғана кіргізген. Журналистің жақтастары сот үкімін сыртта күткен.

Айыптау тарабының сөзінше, қылмыстық іс "2013-2019 жылдар аралығындағы 200-ден астам мазмұны экстремистік мақала мен түрлі жазбаларға" негізделген.

Бұған дейін Шарифовтың туыстары, құқық қорғау ұйымдары мен баспасөз бостандығын қорғаушы ұйымдар журналиске тағылған айып негізсіз деп атап, оны дереу босатуды талап еткен.

"Шекарасыз репортерлер" және "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық ұйымдары журналистке тағылған айыпты абсурд деп есептеп, биыл наурызда өткен сайлау алдында Шарифовты әдейі қамауға алып, үнін естіртпеуге тырысты деп болжайды. Бұл сайлауда ресми билік Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон басқаратын билік партиясы жеңді деп хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG