Accessibility links

Қарағанды облысында алты айлық сәбиден коронавирус табылды


Теміртау қаласы.
Теміртау қаласы.

Денсаулық сақтау министрлігі 17 сәуірде таңертең Қызылорда облысында - 9, Павлодар облысында - 2, Қарағанды облысында 3 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын.

Coronavirus2020.kz сайтының Telegram арнасындағы мәлімет бойынша, Қарағанды облысында алты айлық сәбиге коронавирус жұққан. Оның ата-анасынан бұған дейін вирус табылып, инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Қазір нәресте провизорлық ауруханада жатыр.

Қарағанды облысында коронавирус анықталған екінші науқастың жасы - 41-де. Ол бұған дейін вирус жұққандармен араласқан. Үшінші науқас - 19 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны да науқастармен байланыста болған. Екеуі де ауруханаға жатқызылған.

Павлодар облысында 1949 жылғы Екібастұз тұрғыны (ер адам) және 1978 жылғы әйел адамнан коронавирус табылып, провизорлық ауруханаға жеткізілген. Ер адам бес күннен бері ауру белгілері байқалғанын, бірақ медициналық көмекке жүгінбегенін айтқан. Ал әйел адам мамандарға ешқайда шықпағанын, коронавирус жұққандармен араласпағанын айтқан. Дәрігерлер оған қайдан вирус жұққанын анықтап жатыр.

Қызылорда облысында Жаңақорған ауданында 9 адамнан коронавирус табылған. Үшеуі - 30-53 жас аралығындағы әйел, алтауы - ер адам. Ең үлкені 83 жаста. Сегіз адам коронавирус жұққандармен байланыста болған. Бір адамға вирустан қайдан жұққаны әзірге белгісіз.

Қазақстанда жалпы 1470 адамнан коронавирус табылған. 277 адам жазылған. 17 адам қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG