Accessibility links

Шымкентте жиырма шақты әйел "Нұр Отаннан" көмек сұрады


"Нұр Отан" партиясының Шымкенттегі бөлімшесі. 17 сәуір 2020 жыл.
"Нұр Отан" партиясының Шымкенттегі бөлімшесі. 17 сәуір 2020 жыл.

17 сәуір күні «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі бөлімшесі алдына 20 шақты әйел жиналып, әлеуметтік жағдайына шағымданып, көмек беруді талап етті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады

Абай ауданында 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұратын Айнагүл Теқаеваның күйеуі көлік жуушы болып жұмыс істеген. Қала карантинге жабылған соң жұмысы тоқтап қалған. 42 500 теңге әлеуметтік көмекті де ала алмаған соң «Нұр Отаннан» көмек сұрап келген.

- Үйде ішуге тамақ қалмады. 42 500 теңге алу үшін өтініш тастап едік, кері қайтарды. Қалай өмір сүретінімізді білмей қалдық. Әкімдікке де бардым. Тым болмағанда азық-түлікпен қамтамасыз етіңіздерші дедім. Әлі жоқ, - дейді ол ренішін білдіріп.

Өзін «жалғызбасты анамын, екі балам бар» деп таныстырған әйелдің сөзіне қарағанда үш айдан бері пәтерақысын, коммуналдық төлемдерін төлей алмай қиналып отыр. Қазір ас-суы, күнделікті ішетін дәрі-дәрмегі таусылған. Күнделікті істеп жүрген жалдамалы жұмысы тоқтаған соң күнкөрісі нашарлап кеткен. Әкімдіктен ешқандай әлеуметтік көмек алмаған.

- Дәрі алайын десем, тамағым жоқ. Тамақ алайын десем дәрім жоқ. Қиналып кеттім, кімнен көмек сұрайтынымды білмей қалдым. "Нұр Отанға" осымен үшінші рет келдім. Үйде отырыңдар дейді. Төрт қабырғаның ішінде аш балаларымды қалай ұстап отырамын? Дүкендердің бәрінен қарыз алып біттік, - дейді ол көзіне жас алып.

Жиналғандардың арасында жалғызбасты, мүгедек баласы бар көп балалы аналар болды. Көбі жалдамалы жұмыс істеп, төтенше жағдайдан кейін жұмысынан айырылған.

Наразы топты полицейлер күзетіп тұрды. Аудан әкімдіктерінен келген мамандар олардың кім екенін, қандай шағымы бар екенін тыңдап, көмекке іліне ме, жоқ па, тексеріп жатты.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Бахадыр Нарымбетов наразы топтың алдына шықты. Ол 50 мың теңге көмекті партия үлестіргенімен кімдерге берілетінін әкімдік анықтайтынын айтты.

- Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 21 800 адамның тізімін Нұр-Сұлтанға жібердік. Олардың барлығы 50 мың теңге көмекті алады. Басқа мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылып жатыр. Жұмыссыз қалған адамдар болса, оларды қала ішін тазалайтын мекемелер қабылдайды. Мұндай жұмыстарға айына 50-60 мың теңге көлемінде жалақы төленеді, - дейді қала әкімдігінің өкілі Нұржан Дүйсенов.

Бұған дейін де Шымкентте әлеуметтік көмекке зәру екенін айтқан ондаған әйел қала әкімдігіне барып, азық-түлік беруді талап еткен болатын. Әкімдік қызметкерлері олардың тізімін алып қалып, көмек беруге уәде берген.

Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Біз біргеміз" акциясын жариялаған. Осы акция барысында көмекке зәру отбасыларға 50 мың теңге қаржылай көмек берілетіні хабарланған. Ресми дерек бойынша, 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілген.

Бұған дейін Қызылорда қаласында да тұрғындар «Нұр Отан» партиясына барып, көмек сұраған.

Соңғы мәлімет бойынша Шымкент қаласында 46 адамнан коронавирус табылған. 2 адам жазылған. 3 адам қайтыс болған. Коронавирусқа байланысты 4 сәуірде карантин жарияланған.

Оқи отырыңыз: Карантин созылса 42500 теңге төлене ме? Жұртты мазалаған сауалдарға жауап

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG