Accessibility links

Министрлік: 4 мыңға жуық оқушы пошта байланысы арқылы оқып жатыр


Сабаққа кетіп бара жатқан оқушы. Орал қаласы, 4 наурыз 2020 жыл.
Сабаққа кетіп бара жатқан оқушы. Орал қаласы, 4 наурыз 2020 жыл.

17 сәуірде білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова екі апта бұрын қашықтан оқу жүйесіне көшкен Қазақстан мектептеріндегі жұмыс қалыпты режимге көшті деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір 2,4 млн оқушы мен мұғалім түрлі интернет-платформаларды ("Күнделік", "Білім Лэнд", "Дарын Онлайн" т.б) қолданып жатыр.

Мұғалімдер мен оқушылар арасында кері байланыс электрондық журналдар жүйесі, түрлі мессенжерлер арқылы жүреді. Республика бойынша 4 мыңға жуық оқушы пошта байланысы арқылы оқып жатыр.

- Штаттық режимде оқып жатқан мектептер де бар. Бүгінгі күні олардың саны - 433. 25 мыңнан астам оқушы күнделікті штаттық кесте бойынша оқып жатыр. 4 мыңға жуық оқушы пошта байланысы арқылы оқып жатыр. Интернет жылдамдығы төмен немесе интернеті жоқ елді мекендерде осындай жұмыстар ұйымдастырылып, барлық мектептер жұмыстарын қалыпты жалғастырып жатыр, - деді Шолпан Каринова.

Бұған дейін министрлік өкілдері интернет арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ мектеп оқушыларына оқу материалдары "Қазпошта" арқылы жеткізіліп, педагогтарға орындалған тапсырмаларды оқушылар пошта арқылы жіберіп отырады деген болатын.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда Қазақстанда 800 мың оқушы күнделікті телеарналардан көрсетілетін видеосабақтарды көріп жатыр. Ондағы кейбір сабақтардан кеткен қателік туралы сұраққа жауап берген Шолпан Каринова олардың сапасын жақсарту үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.

Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда биыл 9 және 11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырмайды. Олардың жыл бойы алған бағалары негізінде аттестаттарына қорытынды баға түсіріледі. Мектептерде соңғы қоңырау болмайды.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланып, шектеу шаралары енгізілген болатын. Наурыз айының ортасында - cтуденттер, сәуір айының басында оқушылар қашықтан оқи бастаған.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 1480 адамнан коронавирус табылған.

Қарай отырыңыз: Қашықтан оқудың алғашқы күні. Оқушы, ата-ана мен мұғалім не дейді? (6 сәуір 2020 жыл).

Қашықтан оқудың алғашқы күні. Оқушы, ата-ана мен мұғалім не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:04 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG