Accessibility links

Қытай Уханьда вирустан қайтыс болғандар статистикасын түзеді


Ухань қаласында дәрігерлер вирустан қайтыс болған адамның мәйітін әкетіп барады. 19 ақпан 2020 жыл.
Ухань қаласында дәрігерлер вирустан қайтыс болған адамның мәйітін әкетіп барады. 19 ақпан 2020 жыл.

Қытай билігі 17 сәуірде Ухань қаласында коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасын өзгертіп, COVID-19 дертінен тағы 1290 адам қаза тапқанын мәлімдеді.

16 сәуірдегі мәліметте Қытайда коронавирустан 3342 адам қайтыс болғаны көрсетілген еді. Жұма күнгі қосымша деректен соң қазір Қытайда бұл вирустан қайтыс болғандар саны 4632 болды.

Қытай билігі бұл түзетуді “вирус шарықтау шегіне жетіп, медицина мекемелері толып қалған тұста ауруханадан тыс жерде қайтыс болғандар да ресми статистикаға қосылды” деп түсіндіреді.

Бұдан бөлек, Қытайда коронавирус жұқтырғандар санына да 300 адам қосылды. Пекин “бұл 300 адамды да Уханьда есептелмей қалғандар” деп түсіндірді.

17 сәуірдегі мәліметке сай, қазір Қытайда вирус жұқтырғандар 82 мыңнан асты.

Батыс елдері Қытай коронавирус статистикасын төмендетіп көрсетіп отыр деп күдіктенеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Пекин ұсынған статистикаға күдік келтірген. Ол Қытай билігін вирус тарап жатқанын біле тұра әлем елдеріне дер кезде айтпады деп айыптаған. Бұған қоса, Трамп Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымын “Қытайға тым қатты сеніп кетті деп айыптап, ұйымға ақша бөлуді тоқтатты.

Қытай билігі бұл айыптаудың бәрін жоққа шығарады. Екі жарым айдай карантинде болған Ухань қаласы жақында қайта ашылған.

17 сәуірде әлемде вирус жұқтырғандар 2,2 миллионнан асты, 150 мыңдай адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG