Accessibility links

"Билік өкілін қорлады" деп айыпталған белсенді Қалиева айыппен келіспейді


Белсенді Даная Қалиева. Алматы, 17 сәуір 2020 жыл.
Белсенді Даная Қалиева. Алматы, 17 сәуір 2020 жыл.

17 сәуірде Алматы қаласы Жетісу ауданының сотында “Билік өкілін қорлады” (Қылмыстық кодекстің 378-бабы) деп айыпталған азаматтық белсенді Даная Қалиева үстінен қозғалған істің алғашқы отырысы өтті. Бірінші отырыста қатысушылар таныстырылып, тараптардың арыз-өтініші тыңдалды. Судья Әйгерім Тілепов ашық процесс болғанына қарамастан фото-видеоға түсіруге рұқсат бермеді.

- Маған тағылған айыпты мойындамаймын. Ия, мен тікелей эфирде құрбымды күштеп әкетіп бара жатқан екі адамды балағаттадым. Бірақ олардың билік өкілі – полицейлер екенін білген жоқпын, олар өздерін таныстырған жоқ, - дейді белсенді Азаттыққа соттан кейін.

Оқиға биыл 22 ақпанда Алматы мен өзге бірнеше қалада жоспарланған билікке қарсы митинг өтетін күні таңертең болған. Даная Қалиеваның сөзінше, ол құрбысы Шәрбат Қаржаубаева екеуі аялдамада тұрған сәтте белгісіз екі адам келіп, Шәрбат Қаржаубаеваны қолтықтап, алып кетуге әрекеттенген. Аялдамада отырған Шәрбат Қаржаубаеваның алдында Даная Қалиеваның үш жасар қызы отырған. Айтуынша, осы сәтте кішкентай қыз жерге құлаған, ал белгісіз екі ер адам Шәрбат Қаржаубаеваны қолтықтап аялдама маңындағы көлікке сүйреп әкеткен.

- Мен бірден Facebook парақшасына тікелей эфирге шықтым. Қызымның құлап, Шәрбатты түсініксіз адамдар күшпен алып кетіп бара жатқанын көргенде біраз сөз айтқаным рас. Мен олардың өзін таныстыруын талап еттім. Ешқайсысы мән бермеді де. Сөйтеп мен қатты қорқып, жылаған қызыммен аялдамада қала бердім, - дейді Даная.

Ал айыптау актісінде "аялдамаға келген екі қызметкер өздерін таныстырып, құжаттарын көрсетті" деп жазылған.

Даная Қалиева іске қатысты ақпарат бере алмайтынын айтады, себебі ол іс жайлы жария етуге тыйым салатын құжатқа қол қойған. Жәбірленушілердің де аты-жөнін жария етуге рұқсат жоқ. Келесі сот процессі 22 сәуірге белгіленді. Сол күні белсенді сотта жауап береді деп жоспарлаған.

Қылмыстық кодекстің “Билік өкілін қорлау” бабында жаза ретінде 160 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 404 мың теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға я 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамау жазасы қарастырылған. Белсенді айыппұл төлеуге қаржысының жоғын, ал қоғамдық жұмысқа келіспейтінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG