Accessibility links

Прагадағы Ресей елшілігі "Борис Немцов" алаңындағы мекен-жайынан неге бас тартқанын түсіндірді


Прагадағы Борис Немцов алаңы, 27 ақпан 2020 жыл.
Прагадағы Борис Немцов алаңы, 27 ақпан 2020 жыл.

Ресейдің Чехиядағы елшілігі ресми мекен-жайының атауын неге өзгерткенін түсіндірді. Бұған дейін Чехия баспасөзі "Ресей елшілігі орналасқан Прага алаңы "Борис Немцов алаңы" болып өзгергеннен кейін елшілік оны мекен - жай ретінде көрсетуден бас тартты" деп жазған еді.

Елшілік фейсбук парақшасында "Коруновачни көшесінің атауы жүз жылдан жылдан астам қолданылып келе жатқан тарихи атау екенін" айта келе "біздіңше бұл көшеде "Борис Немцов алаңы" топонимі секілді аяқ астынан басқа топоним пайда бола қалу ықтималдығы өте аз" деп жазған.

Ресей елшілігінің негізгі ғимараты Борис Немцов алаңымен де, Коруновачни көшесімен де шектеседі. Мұнан былай елшіліктің мекен-жайында ресми түрде Коруновачни көшесі көрсетіледі.

Ресей елшілігі мекен-жайын өз бетімен өзгерте салмағанын, Прага мэриясынан "елшілік ғимараты тіркелген Под Каштаны алаңы жойылды" деген хабар алғанын айтады. Елшіліктің пікірінше, "Чехия сыртқы істер министрлігі ресми мекен-жайдағы өзгеріс жайлы БАҚ-қа хабарлап, қарапайым техникалық мәселеге саяси рең бергісі келеді".

Ресей елшілігінің ресми мекен-жайының ауысқанын жұма күні Чехияның Aktualne.cz сайты хабарлаған.

Ресей елшілігінің Прагадағы ғимараты тұрған алаң Ресейдің белгілі оппозиционері Борис Немцовтың қастандықпен өлтірілгеніне бес жыл толғанда, 2020 жылы 27 ақпанда "Борис Немцов алаңы" болып ресми түрде өзгертілген.

Ресей саясаткері Борис Немцов 2015 жылы ақпанның 28-іне қараған түні Мәскеу қаласында Кремльге жақын маңдағы көпір үстінде ту сыртынан атқан алты оқтан қаза болған. Оның қазасы бойынша айыпталғандарға сот үкімі 2017 жылы шілдеде шыққан.

Саясаткерді атып өлтірген Заур Дадаевты 20 жылға бас бостандығынан айырып, тағы төрт адамды 11 жылдан 19 жылға дейінгі бас бостандығынан айырған. Борис Немцовты өлтіруге тапсырыс бергендер анықталмаған.​


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG