Accessibility links

"Нағыз Атажұрт еріктілерінің" жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлын полиция басқармасына әкеткен


Бекзат Мақсұтханұлы (ортада) адвокат Айман Омаровамен бірге баспасөз мәслихатында отыр.

"Нағыз Атажұрт еріктілерінің" жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлын полиция басқармасына әкеткен. Бұл ақпаратты Азаттыққа әйелі Нұргүл Ыбыраева хабарлады.

Нұргүл Ыбыраеваның сөзінше, сәуірдің 20-сына 15:40 шамасында Бекзат Мақсұтханұлының үйіне бірнеше адам келіп, мән-жайды толық түсіндірместен алып кеткен.

Бұл хабарды адвокат Шынқуат Байжан растады. Ол полициямен сөйлескенін, қозғалған істердің біріне куә ретінде Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілгенін айтты.

Шынқуат Байжанның сөзінше, "Ата жұрт еріктілері" ұйымының арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанына екі айға жуықтаған.

- "Нағыз Атажұрт еріктілері" "Атажұрт еріктілері" ұйымының атауын пайдаланып, мүлкімізді бермей жүр" деген шағым түсірген. Ал "Нағыз Атажұрт еріктілері" талас болып отырған мүлік жеке адамның меншігі, оған "Атажұрт еріктілерінің" қатысы жоқ деп санайды,- дейді ол.

"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Ербол Дәулетбекпен телефон арқылы сөйлесу мүмкін болмады. Осы ұйым белсендісі Қайрат Байтолла "Нағыз Атажұрт еріктілерінің" үстінен шағым түсірілгенін растады.

- 2019 жылдың күз айларында шағымдандық. Бір топ адам "Нағыз Атажұрт еріктілері" деген ұйым құрып, кеңсесін ашқанда біздің ұйымымыздың атауын заңсыз пайдалануға болмайтынын ескерткенбіз,-дейді ол.

Медеу аудандық полиция басқармасының кезекшісі кейірінек хабарласуды сұрады.

Биыл, 2020 жылдың ақпанында қоғам бесендісі Серікжан Біләш "Нағыз Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тексеріп жатқанын хабарлаған болатын.

- Полиция қызметкерлер кеңседегі орындық пен үстелдерді, компьютерді, кеңсенің ішін камераға түсірді. Бізге ешқандай сұрақ қойған жоқ, хаттама толтырды,- деген еді.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен полиция қызметкері "Атажұрт" кеңсесінде заңсыз жиындар өтіп жүр" деген арыз түскенін, тіркелмеген ұйымның кеңсесіне сол арыз бойынша келгенін айтқан.

Наурыз айының басында "Нағыз Атажұрт еріктілері" қаржы қиындығына байланысты бұдан әрі жұмысын жалғастыра алмайтынын мәлімдеді. Белсенді Серікжан Біләш ұйымды тіркеу үшін құжат тапсырған кезде кедергі жасалғанын құлағдар еткен.

"Нағыз Атажұрт" ұйымы 2019 жылдың тамыз айына дейін "Атажұрт еріктілері" ұйымы ретінде Қытай қазақтарының мәселесін қоғамға жариялаумен шұғылданып келген. Ұйым жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен 2019 жылдың наурыз айында "ұлт араздығын қоздыру" бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған.

Нұр-Сұлтан қаласында бес айдан астам үйқамақта болып, тамыздың 16-сына Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында қаралған істен кейін Серікжан Біләш босап шықты. Осы кезде "Атажұрт еріктілері" ұйымы заңды тіркеуден өтіп, жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы болған. Мұнан соң Серікжан Біләш бастаған бір топ белсенділер ұйымнан бөлініп, "Нағыз Атажұрт еріктілері" ұйымын құратынын жариялаған.


  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG