Accessibility links

Ресей белсенділері журналист Милашинаны Рамзан Қадыровтан қорғауды талап етті


Елена Милашина
Елена Милашина

Ресейде жүзден астам жазушы, зерттеуші, құқық қорғаушы, саясаткер мен қоғам белсенділері «Новая газета» журналисі Елена Милашинаны мемлекет қорғауына алуды талап етті. Олар Милашинаға дөң-айбат жасаған Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрады.

"Ресей билігі әрдайым қылмыскерлерді қорғай отырып сыбайласына айналып барады. Енді Қадыров «Новая Газета» тілшісі Елена Милашинаны өлтіремін деп қорқытып отыр. Бұл - Милашинаның мақаласына берген жауабы. Жазасыз қалдыру тенденциясы тоқтатылуы тиіс" дейді «Новая газета» мен «Интерфакс» жариялаған хатта.

Хатқа қол қойғандар арасында жазушылар мен ақындар - Людмила Улицкая, Дмитрий Быков, Ольга Седакова, Лев Тимофеев, Виктор Шендерович, құқық қорғаушылар - Лев Пономарев, Светлана Ганнушкина, Ян Рачинский, актрисалар Лия Ахеджакова мен Наталья Фатеева, режиссерлер - Андрей Смирнов пен Владимир Мирзоев, мультипликатор Гарри Бардин мен музыкант Андрей Макаревич бар.

Сәуір айының ортасында Рамзан Қадыров "Новая газета" мен оның тілшісі Елана Милашина жайлы қатаң пікір айтқан. Оған Милашинаның коронавирус жұқтырған адамдар Шешенстанда қуғындалатыны жайлы мақаласы түрткі болған. Мақалада "Қадыров оларды террористермен теңестіріп, соған сай тәсілдермен күресуге шақырды, соның нәтижесінде адамдар ауруын жасырып, үйінде өле бастады" деген сөйлемдер бар.

Шешенстан басшысы "Новая газетаны" "көрінеу өтірік айтты, батыстың арнайы қызметтеріне сатылды" деп кінәлап, Ресей федералды қауіпсіздік қызметін "Новая газетаны" тексеруге шақырған және Елена Милашинаның көзін жоюға болатыны жайлы емеурін білдірген.

"Егер сіздер бізді қылмыс жасап, қылмыскер болсын десеңіздер, онда айтыңыздар! – деп жазды Қадыров. – Бұл жауапкершілікті бір адам қолға алып, заң бойынша жазаға тартылады. Түрмеге отырып шыға салады!"

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қадыровтың сөзін "эмоциямен айтылған" деп санап, "тыйым салынған немесе заңға қайшы келетін ешнәрсе байқамағынын" айтқан.

Кейінірек Ресей бас прокуратурасы Милашинаның мақаласында "қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін тексерілмеген ақпарат бар" деп есептеп, мақаланы алып тастауды талап еткен. "Новая газета" прокуратура талабын орындаған.

Бұрын, 2020 жылдың ақпанында Грозныйға барған Елена Милашина мен адвокат Марина Дубровина қастандық жасалған еді. Елена Милашина бұл мәселе бойынша полицияға арыз жазғаымен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтан қорқытып-үркіткен жауап алғанын айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG