Accessibility links

Тұтқынның туыстары "дене қызуы көтеріліп, жөтелген" жақынының денсаулығына алаңдайды


Заречныйдағы колония. Алматы облысы. Көрнекі сурет.
Заречныйдағы колония. Алматы облысы. Көрнекі сурет.

Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Тимур Жұмабаевтың бірнеше күн дене қызуы көтеріліп, жөтел қысқан. Туыстарының сөзінше, колония басшылығы жағдайды білгенімен еш әрекет етіп отырған жоқ.

- Өткен сенбі күні, 18 сәуірде Тимур аға менің әкеме телефон шалды. Оның алдында күнара хабарласып отыратын. Осы жолы неге ұзақ хабарсыз кеткенін сұрап еді, өзінің төрт күннен бері ыстығы көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болғанын, тыныс алуы қиындағанын айтқан. Мекеменің дәрігеріне айтқанымен ондағылар «шыдай тұр, босап шыққанан кейін ауруханаға барарсың» деген екен. Ағамыз сәуірдің 30-да босап шығуы керек. Ағамыздың сөзінше, колония басшылығы өздерінде вирус анықталып, карантинге жабылып қаламыз бе деп қорқып отырған көрінеді, - дейді жазасын өтеп жатқан Тимур Жұмабаевтың туысы Ринат Жұмабаев.

Оның сөзінше, ағасына бауыры хабарласқаннан кейін жәдел жәрдем шақыртылған. Алайда «дәрігерлер келер алдында дене қызуын түсіретін дәрі беріп, жедел-жәрдем температурасын тексеріп, дене қызуы 37,8 болғаннан кейін кетіп қалған».

Алайда Алматы облысының Заречный кентіндегі 155/14 колониясының бастығы Жәнібек Қосжанов Азаттыққа бұл фактіні жоққа шығарады.

- Бізде ондай жағдай болса карантин жарияланып, арнайы мамандарды шақырар едік. Ол адамға қатысты прокуратураға да жауап бердік. Экспресс тест өткіздік. Коронавирус белгілері жоқ. Ол бірінші топ мүгедегі болғандықтан, ол мекемеменің медициналық бөлімінде келгелі бері жатыр. Сол жерде күнделікті бақылауда, температурасы жоқ. Ол адамға қатысты 14 сәуірде Қылмыстық кодекстің 75-бабы бойынша Қапшағай қалалық сотымен шешім қабылданып, денсаулық жағдайы бойынша босату туралы қаулы шыққан. Қаулы 30-ында күшіне енеді, - деді колония бастығы.

22 сәуірде қылмыстық атқару жүйесі комитеті елдегі түзеу мекемелерінде COVID-19 анықталмағанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, «келіп түсіп жатқандардан коронавирустан тест алынып, 15 тәулікке карантинге жатқызылады» екен. Мекемелердегі медициналық бөлімдерде инфекциялық изоляторлармен жабдықталған. «Тиісті дәрі-дәрмекпен қамтылған» делінген ақпаратта.

Өткен аптада Қазақстанның бірнеше өңірінде уақытша қамау изоляторында бірнеше адамнан коронавирус табылғаны анықталған еді.

Қазақстанда барлығы 2047 адамнан коронавирус табылған. 489 адам жазылған. 19 адам қайтыс болған.

Оқи отырыңыз: Түрмеде сақтық шараларын күшейтуді талап еткен Әбішев карцерге қамалды

P.s. Бұл жаңалық шыққаннан кейін Ринат Жұмабаев Азаттыққа хабарласып, Тимур Жұмабаевтың тестен өткенін, коронавирус анықталмағанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG