Accessibility links

Ресейде полицейлердің өкілетін кеңейтетін заң жобасы әзірленді


Полиция рұқсат етілмеген митинг кезінде алаңды қоршап тұр. Мәскеу, 3 тамыз 2019 жыл.
Полиция рұқсат етілмеген митинг кезінде алаңды қоршап тұр. Мәскеу, 3 тамыз 2019 жыл.

Ресей үкіметі ішкі істер органы қызметкерлерінің өкілетін кеңейтетін заң жобасын әзірледі. "Полиция туралы" заңға түзетулер енгізу туралы заң жобасында полицейлердің қару қолдану тәртібін жеңілдету, қоғамдық шара өтетін орындарды қоршауға рұқсат беру, көліктерді ашып тексеру сияқты мәселелер қарастырылған. Бұл туралы министрлер кабинеті мақұлдаған құжатқа сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі хабарлады. Құжат әзірге мемлекеттік думаға жіберілмеген.

Заң жобасы полицейлерге ұстау кезінде қауіп төнген жағдайда қару қолдануға құқық береді. Бұған қоса, жоба авторлары полицияны кәсіби міндетін атқару кезіндегі әрекеті үшін жауапкершіліктен босатуды жөн көрген.

Бұған дейін Ресейде көлік полициясы өкілдеріне электрошокер қолдануға рұқсат беріледі деп хабарланған болатын.

Халықаралық "Агора" құқық қорғау тобының дерегінше, Ресейде қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін сотталған тұтқындар азайған. 2019 жылы "Азаптау" бабымен ішкі істер органының 641 қызметкері сотталған. Бұл он жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есеге аз.

2019 жылы жазда Мәскеуде тәуелсіз кандидаттарды қалалық дума сайлауына жібермегені үшін оппозиция рұқсат етілмеген митинг өткізген. Митингілер кезінде мыңнан астам адам ұсталды. Тергеу комитеті "полицей талаптарына бағынбағаны үшін" деп бірнеше қылмыстық іс қозғаған.

Бірнеше адам сотталды. Ұстау кезінде зардап шеккен азаматтар өздерін ұрып-соққан полицейлердің әрекетін тергеуді талап еткен, бірақ олардың өтініштері орындалмады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG