Accessibility links

Құқық қорғаушы: "Ильяшев билік партиясы туралы пікірін айтқаны үшін қамалып отыр"


Белсенді Әлнұр Ильяшев.
Белсенді Әлнұр Ильяшев.

22 сәуірде Алматыда адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросында азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевтың қамалуына қатысты онлайн баспасөз маслихаты өтті. Оған белсендінің адвокаты Нұрлан Рахманов, бауыры Дос Ильяшев пен құқық қорғаушы Евгений Жовтиc қатысты. Бұл жиында адвокат Ильяшевтің жазбаларына жасалған сараптама қорытындысымен таныстырды.

Адвокат Рахмановтың сөзінше, Ильяшевке қарсы қозғалған іске былтыр Жетісу аудандық сотының шешімі негіз болған. Сотқа дейінгі тергеу органы «Ильяшев өзінің қылмыстық пиғылын әрі қарай жалғастырып, қоғамдық тәртіпты бұзатын, азаматтардың мүддесі мен құқығына нұқсан келетін, Қазақстан Республикасындағы жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында жалған ақпаратты таратуын жалғастырғанын» анықтаған.

- Бұл сөздеріне дәлел ретінде Ильяшевтың Facebook-тегі парақшасындағы бірнеше посты сараптаған маманның жасаған қорытындысын ұсынып отыр. Оның бірінде Әлнұр бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қайырылып, өкілеттігінен бас тартуға шақырған. Одан кейінгі екі постында «Біз біргеміз» қоры мен жемқорлық айыбымен ұсталған «Нұр Отан» өкілі туралы жазған. Тергеу органы бұл посттардың барлығы жалған ақпарат тарату арқылы партияға жағымсыз көзқарас қалыптастыру мақсатымен жазылды деп санайды. Алайда Әлнұр олардың барлығын ашық ақпарат көзінен алып, тиісті сілтемелерді қойып пост жазған. Сонда ол қалайша жалған ақпарат болады? - дейді адвокат.

Белсендінің бауыры Дос Ильяшев бауырын жұмыстан шыққанда ұстап әкеткенін, арада бір сағат өткеннен кейін арнайы жасақ әке-шешісі мен әйелінің үйлерінде тінту жүргізгендерін айтады.

Ал құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл Ильяшевтың «Нұр Отан» партиясы туралы ойына қатысты сарапшының пікіріне негізделген іс деп бағалады.

- Тергеу ақпарат пен адамның пікірін айыра алмайтын болған. Егер былтыр күзде шыққан үкімде Ильяшев партияға қатысты қандай да бір ақпарат айтып, оның рас-өтірігін сот шешсе, бұл жолы Ильяшев өзінің билік, үкімет партия туралы пікірін айтқаны үшін қамалып отыр. Бұл екеуі екі бөлек нәрсе, - дейді Жовтис.

Оның сөзінше, өзі жетекшілік ететін бюро дерегінше қазір Ильяшевтен өзге ірі айыппұл мен әкімшілік қамаудан өзге кемінде алты адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Осыған орай белсенділердің қудалануына байланысты Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық бюросы мәлімдеме жасады. Бюро өкілдері төтенше жағдайды белсенділерді қудалау құралы ретінде пайдаланбауға шақырып, БҰҰ ұсыныстары бұзылмауын талап етті.

«Соңғы айларда әртүрлі аймақтарда ондаған азаматтық белсенді, блогер және болып жатқан дүниеге бейжай қарамайтын азаматтардың үстінен жаппай әкімшілік, қылмыстық істер қозғау науқаны басталды. Саяси қудалаулар ресурсындағы әкімшілік және қылмыстық баптардың қатарына жаңалары қосылды: 478-бап (Төтенше жағдай кезінде құқық бұзуға итермелеу әрекеттері), 476-бап (Төтенше жағдай режимін бұзу), 274-бап (Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату)" делінген бюро мәлімдемесінде.

Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер "билік Қылмыстық кодекстегі "Жалған ақпарат тарату" бабын өзіне жақпаған белсенділерге, сыни пікір айтатындарға қысым көрсетуге қолданады" деп алаңдаушылық білдірген.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты наурыздың 16-сынан төтенше жағдай жарияланған. Сәуірдің 22-індегі мәліметке сай, елде 2047 адам вирус жұқтырғаны анықталған. 505 науқас COVID-19 дертінен айықты. 19 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG