Accessibility links

Түркістан облысы: Директор "жала жапты" деп айыпталған мұғалім ақталды


"Жала жабу" бабы бойынша айып тағылған мектеп мұғалімі Гүлдана Шотаева сот ғимаратының алында тұр. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, 4 ақпан 2020 жыл.
"Жала жабу" бабы бойынша айып тағылған мектеп мұғалімі Гүлдана Шотаева сот ғимаратының алында тұр. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, 4 ақпан 2020 жыл.

23 сәуір күні Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" бабымен айыпталған мұғалім Гүлдана Шотаеваны ақтады. Мұғалімді мектеп директоры сотқа берген. Бұл туралы Азаттыққа Түркістан облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сот ісіне Қайнар ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлдана Шотаеваның "мектеп директоры Ділбар Сапарымбетова ұстаздардан ақша жинап, курсқа жібермей, оқығаны жөнінде сертификат берген" деген мәлімдемесі себеп болған. Сапарбаева Шотаеваны "жала жапты" деп айыптап, сотқа берген. Сот процесі кезінде мұғалім Шотаева директор Сапарымбетованы “еңбек заңнамасын бұзды” деп қарсы арыз жазған.

Судья Жанар Кенжебаева бейсенбі күні өткен онлайн режимдегі сотта мектеп мұғалімінің және директордың іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық жоқ деп тауып, екеуін де ақтады.

Мектеп мұғалімі Гүлдана Шотаева сот үкімімен келісетінін айтты. Ал мектеп директоры Ділбар Сапарымбетова сот үкімін алғаннан соң апелляциялық шағым беру-бермеуді шешетінін жеткізді.

Ордабасы аудандық сот мектеп директоры мен мұғалім арасында туындаған дауды 2020 жылдың 4 ақпанында қарай бастаған. Сот отырысының бірінде мектеп директоры Сапарымбетова “мұғалім Шотаева мені жарамсыз сертификат сатты деп аудан әкімдігіне, прокуратураға жазбаша арыз беріп, маған жала жапты" деген. Ал мұғалім Шотаева "мектеп директоры 2016 жылы "Өзін-өзі тану" пәнінен біліктілігін арттыру курсына баруы тиіс бастауыш сынып мұғалімдерінен 25 мың теңгеден ақша жинағанын" айтқан. "Бірақ директор бізді курсқа жібермей, оқығаны жөнінде сертификат берді" деген еді мұғалім сотта.

Шотаева арыз жазған соң мектепте түрлі қысымдар болғанын, соңында мектеп директоры сотқа бергенін айтқан. Ділбар Сапарымбетова сот процесі кезінде пікір беруден бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG