Accessibility links

Ақтөбе соты Qaharman қорының құқық қорғаушысы Дана Жанайға айыппұл салды


Ақтөбе әкімдігі жанындағы митинг кезінде полиция қызметкері Дана Жанайдың құжатын тексеріп тұр. Ақтөбе қаласы, 26 қазан 2019 жыл.
Ақтөбе әкімдігі жанындағы митинг кезінде полиция қызметкері Дана Жанайдың құжатын тексеріп тұр. Ақтөбе қаласы, 26 қазан 2019 жыл.

Ақтөбе соты құқық қорғаушы Дана Жанайды «төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін» әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы жақында ресми түрде тіркелген Qaharman адам құқығын қорғау қоры хабарлады.

Қордың мәліметінше, 25 сәуір күні Ақтөбе соты Данай Жанайды «төтенше жағдай режимін бұзды» және «төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермейлейтін әрекет жасады» деп айыптап, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (138 900 теңге немесе шамамен 323 доллар) айыппұл салған.

Алматы қаласында тұратын құқық қорғаушы Дана Жанай 18 наурызда туған қаласы Ақтөбеге келгенін растап отыр. «Мен төтенше жағдай режимін бұзғаным жоқ. Бірақ сол күні әкімшілік сотқа ақтөбелік белсенділер Сағындық Бекеев пен Асылхан Жаубатыровты қолдау үшін барғаным рас» дейді құқық қорғаушы.

- Ақтөбедегі сот ғимараты жанында карантин кезінде белсенділердің жаппай қамалуына байланысты пікірімді айттым. Мен биліктің бұл әрекетін заңсыздық деп бағалаймын, - дейді Дана Жанай Азаттық тілшісіне.

Азаттық Ақтөбе облыстық сотына хабарласқан кезде кезекші қызметкер «дүйсенбі күні хабарласыңыз» деді. Сот құжаттары жарияланатын sud.kz сайтындағы мәліметке сәйкес, істі судья Дәурен Хамиев қараған. Дегенмен онлайн ресурста сот қаулысы әзірге жарияланбаған.

Құқық қорғаушы Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 25 сәуір күнгі шешіміне қатысты апелляциялық алқаға шағым түсірмек. Ол соттың шешімін өзінің құқық қорғаушылық қызметімен байланыстырады.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. Содан бері бірнеше мың адам "Төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылған. Олардың арасында белсенділер, блогерлер де бар.

Бұған дейін қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар билік төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларын пікірін ашық айтып жүрген белсенділерді қуғындау құралы ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтып, мәселеге алаңдаған болатын.

Оқи отырыңыз: "Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG