Accessibility links

Тоқаев төтенше жағдайды ұзарту жайлы мәлімдемесінде Назарбаевты екі рет атады


Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы мәлімдемесінде Қазақстанның бұрынғы президенті, қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты екі рет атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі Қазақстан президентінің ресми сайтында жарияланды.

Мәлімдемеде Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде мемлекеттің жеке адамдарға, кәсіпкерлік пен бизнеске қандай қолдау көрсеткеніне де арнайы тоқталған.

- Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды. Жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Елбасының бастамасымен құрылған "Біргеміз" қорынан қаржы бөлінді. "Нұр Отан" партиясы белсенді жұмыс атқарып отыр,- дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың мәлімдемесіне қарағанда, "сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлемге көмек көрсетілген. 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алған".

Президенттің сөзінше "көктемгі науқан мен ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген".

- Біз қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуымыз керек,- деген Тоқаев "Бұл жөнінде елбасы қауіпсіздік кеңесінің 24 сәуірде өткен отырысында нақты айтты" деп атап өткен.

Қазақстанның бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус індеті тарағалы алғаш рет 24 сәуірде өзі басқаратын қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген.

Оған дейін "Қазақстанның денсаулық сақтау саласы мен экономикасы дағдарысқа тап болды. Соған қарамастан, елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол басқаратын қауіпсіздік кеңесі ел алдына шықпай кетті» деген пікірлер айтылған.

Нұрсұлтан Назарбаев 20 наурызда коронавирусқа байланысты Қазақстан халқына үндеу жолдап, "қиын шақта елге көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаржысы жинақталатын" республикалық қор құруды ұсынған.

Қазақстанды ширек ғасыр басқарып, 2019 жылы наурыз айында өкілетін тоқтатқанымен Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және "Нұр Отан" партиясының төрағасы ретінде жоғарғы биліктегі ықпалын сақтап қалған. Қауіпсіздік кеңесінің құрамына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та кіреді. Осыдан кейін "Назарбаев билікті ресми түрде бергенімен, шын мәнінде уысынан шығарған жоқ" деген болжамдар айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG