Accessibility links

Қазақстанда вирус жұққан 15 адамның халі ауыр. 820 медқызметкер дертке шалдықты


Алматы көшесіндегі жедел жәрдем. 21 сәуір 2020 жыл.
Алматы көшесіндегі жедел жәрдем. 21 сәуір 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған 15 науқастың жағдайы ауыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл туралы 27 наурызда өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау комитетінің басшысы Тимур Сұлтанғазиев хабарлады.

Министр өкілінің сөзінше, Қазақстанда 820 медицина қызметкеріне коронавирус жұқты. Бұл – елдегі дертке шалдыққандардың 30 пайызы.

"Көбіне орта мен кіші медицина қызметкерлерінен вирус табылды. Бір қызығы, вирус жұқтырғандар арасында инфекциялық стационардың қызметкерлері аз" деді Сұлтанғазиев.

Министрлік өкілінің сөзінше, Қазақстанда инфекцияның тарауы 4,5-8 пайызды құрайды.

"Елде вирустың тарауы геометриялық прогрессиямен өсіп келе жатқан жоқ. Инфекцияның тарауы тұрақталып, болжағанымыздай өсіп келеді" деді ол.

27 сәуір 16.00-дегі мәліметке сай, Қазақстанда 2791 адамнан коронавирус анықталды. 696 адам дерттен айықты. 25 адам қайтыс болды. Министрліктің дерегінше, елде вирус жұқтырғандармен байланыста болған 47893 адам анықталып, олардың 98,5 пайызы оқшауланған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созды. Сөзінше, Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар. Елде төтенше жағдай 16 наурызда жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG