Accessibility links

БҰҰ: Ауғанстандағы қақтығыстан үш айда 500-ден аса адам өлді, 152-сі – бала


Өлген адамды жерлеуге алып бара жатқан ауғандықтар
Өлген адамды жерлеуге алып бара жатқан ауғандықтар

2020 жылдың алғашқы үш айында Ауғанстандағы қақтығыстардан 500-ден астам бейбіт адам өлген, 760 адам жараланған. Бұл мәлімет Біріккен ұлттар ұйымының 27 сәуірде жарияланған баяндамасында аталды. Баяндамада Ауғанстанның бейбіт халқын коронавирустан қорғауды күшейту қажеттігі айтылған.

Біріккен ұлттар ұйымының Ауғанстан бойынша миссиясы (UNAMA) мәліметіне қарағанда, биыл 1 қаңтар – 31 наурыз аралығында ауған конфликтісінде 152 сәби, 60 әйел өлтірілген, 265 бала, 108 әйел жараланған.

Баяндамада ауған үкіметі мен тәлібтер келісімге келе бастайды деген үміт ояна бастағанына қарамастан соңғы айда кісі өлімі күрт көбейгені айтылған.

Кісі өлімінің 55 пайызы үкіметке қарсы күштер - «Талибаннан» бастап экстремистік «Ислам мемлекеті» ұйымы мен белгісіз содыр топтар мойнына жүктеледі деп көрсетілген. «Дегенмен де балалар өлімінің көбеюіне Ауғанстан үкімет күштері мен шетел әскерінің іс-қимылдары да ықпал етті» дейді UNAMA.

АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы елшісі Залмай Халилзад таяуда twit-хабарламаларында коронавирусқа байланысты дағдарыс кезінде тәліптер зорлық-зомбылықты азайтып, «шабуылдарын тоқтатуы тиіс» деп жазған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG