Accessibility links

Түркістан соты "пара алды" деген күдікке ілінген судья Рахымбаевтың ісін қарай бастады


Түркістан қалалық соты "Пара алу" бабымен айыпталған Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша аппелляция соты коллегиясының судьясы Әшірбек Рахымбаевтың ісін қарай бастады. Бұл туралы 28 сәуір күні Азаттыққа Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық соттың мәліметінше, қылмыстық іс Түркістан қалалық сотына сәуірдің 10-ына түскен. Сот процесін судья Арысбай Тілегенов жүргізеді.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі берген ақпаратта "Әшірбек Рахымбаев тағылған айыпты ішінара мойындады" деп көрсетілген. Алайда Әшірбек Рахымбаевтың өзімен немесе адвокатымен сөйлесіп, пікір алу мүмкін болмады.

Түркістан қалалық сотының өкілі, судья Қымбат Шыңғысбаева сот тергеуі жүріп жатқандықтан Әшірбек Рахымбаевтың "қанша пара алғаны" туралы мәлімет берілмейтінін айтты.

28 сәуірде Түркістан облыстық сотының сайтындағы судьялар тізімінде Әшірбек Рахымбаевтың да аты-жөні тұрды.

Қаңтардың 31-іне ҰҚК мен Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі бірлесіп Әшірбек Рахымбаевты "пара алды" деген күдікпен ұстағаны баспасөз бетінде хабарланған.

Түркістан облыстық сотының мәліметіне қарағанда, 1959 жылы туған Әшірбек Рахымбаев 1996 жылдан бері Түркістан облыстық сотында (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық соты – ред.) судья болып жұмыс істеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG